Қазақстан Meta компаниясымен тығыз жұмыс істемек

29.09.2022 22:18

Қазақстанда жуырда Metaның арнайы серіктес өкілі тағайындалады

Facebook парақшасынан алынды

Қазақстан Meta компаниясымен тығыз жұмыс істемек. Бұл жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Meta компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарушы директоры (George Chen) Джордж Чен мырзамен арнайы кездескенін атап өтті. 

"Чен мырзаның елімізге алғашқы сапары екен. Өздеріңізге белгілі, Meta компаниясы Facebook, Instagram, WhatsApp желілелеріне иелік етеді. Әлемге әйгілі компания өкіліне біршама жобаларды бірге ойластырып,  өзекті мәселелерді ынтымақтаса отырып шешуді ұсындым. Мәселен қазақ тілі Қазақстанда ғана емес, әлемнің бірнеше елінде кең қолданысқа ие екенін ескеріп, Instagram желісінің қазақ тіліндегі интерфейсін жасау мәселесін айттым. Бұл желідегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын ұлғайтады. Сондай-ақ нью медиа тақырыбы бойынша баспасөз хатшыларын оқыту, балалар контентін жасау, контентті верификациялау, т.б. жайларды бірлесіп атқаруды ұсындым әрі жуырда өтетін Astana Media Week және Central Asian Media Forumына шақырдым", - деп жазды Дархан Қыдырәлі

Министрдің айтуынша, компания өкілі ұсынысты қабыл алып, қолдау білдіруге дайын екенін айтқан.

"Бұйырса, Қазақстанда жуырда Metaның арнайы серіктес өкілі тағайындалады. Еліміздегі өкіл арқылы да Metaмен тығыз жұмыс  істейміз. Шетелдік әріптестермен кәсіби байланысты күшейте береміз", - деп жазды министр.