Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бітімгерлері елдеріне оралып жатыр. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында стратегиялық нысандарды уақытша күзеткен Ресей, Тәжікістан және Беларусь мемлекеттерінің әскерилері Ресейдің ұшақтарымен кері қайтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәл уақытында көмекке келіп, өз міндетін орындаған 5 елдің бітімгерлері ендігі миссияны Қазақстанның қарулы күштеріне табыстаған еді. Еліне аттанған қырғыз әскерилері мегаполисте жүргізген операцияны ойдағыдай өткіздік дей келе, Қазақстанға бейбітшілік тіледі.
«Жергілікті халық бізді жылы қарсы алды, маңызды нысандарды қорғағанымыз үшін алғыс айтты. Оған өте қуаныштымыз. Қырғыз контингенті бауырлас қазақ еліне барынша көмек көрсетуге тырыстық. Ұлттық қауіпсіздік шарт ұйымының алғашқы операциясы сәтті өтті деп ойлаймын. Қазақ елінде әрдайым бейбітшілік болып, гүлдене берсін!», – деді Қырғызстан ҚК бітімгерлік контингентінің қолбасшысы Таланбек Талипов.
Алматыда екінші жылу электр орталығын қорғаған Қырғызстанның бітімгерлері еліне өз көліктерімен оралуда. Айта кету керек, Қазақстанға Қырғызстанның арнайы жасақтағы 150 әскері мен «Скорпион» бригадасының сарбаздары келген еді.
Еске сала кетсек, 20 қаңтарға дейін Алматы әуежайынан шамамен 100 әуе рейсі қатынайды деп жоспарланған. Ал Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бітімгерлік күші елімізден 23 қаңтарға дейін толық шығарылады.
«Бітімгерлік операциясын өткізу біз үшін үлкен тәжірибе болды. Армения мемлекеті бауырлас елдерге әрдайым көмектесуге дайын. Ал Қазақстан бізге бауырлас ел. Сондықтан біз Алматыда стратегиялық және маңызды нысандарды сақтауға бар күш-жігерімізді салдық», – деді Армения ҚК бітімгерлік контингентінің қолбасшысы Тарон Кочарян.