Қазақстанның түкпір-түкпірінен 137 бала қатысты
Алматыда «Бір толқында» атты халықаралық көркем сурет сайысының алматылық финалистері марапатталды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында өткен додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 137 бала қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал үздіктердің үздігі атанған 9 қатысушының туындылары сайыстың ақтық мәресіне Киев қаласына жіберілді. Сурет сайысының негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдер арасында коммуникативтік дағдылар, басқа халықтарға, түрлі мәдениеттер мен дәстүрлерге толерантты қарым-қатынасты қалыптастыру. Биыл байқауға Қазақстаннан орталықтандырылған кітапхана жүйесі жетекші болды. Ал финалистерді анықтауға мәдениеттанушылар мен суретшілерден құралған әділқазылар алқасы төрелік етті.
«Мен суретші ретінде айтар едім, әрине, олар әлі суретті жақсы сала алмайтын шығар маман ретінде. Бірақ өнерде мамандықтан бұрын адам жанының, сезімінің, жоғары деңгейде болуы шарт талап. Бұл балалардың мынау болып жатқан өзгерістерді, күнде көріп жатқандарына бейқам қарамайтыны білінді», – деді суретші, мәдениеттанушы Оспан Бердалы.