Украинадан оралған қазақстандық: Елшілікке жеткенде, үйімізге келгендей болдық

Бомбаның дауысынан әбден қорыққан олар көздеріне жас алып, жақындарымен жылап қауышып жатты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Елшілікке жеткенде, үйімізге келгендей болдық». Кеше Украинадан оралған отандастарымыз бұрын мұндай сұмдықты көрмедік деп көздеріне жас алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар Қазақстанның Украинадағы елшілігінің қызметкерлері өздеріне көмектесіп, үнемі байланыста болғанын айтты. 

Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтар мінген екінші рейс Нұр-Сұлтанға қонды. Бортта 120 ересек және 4 бала болды. Украинадан елге аман-сау оралғандардың қатарында Жанар Қадырбаева да бар. Ол елшілікке жеткенде, үйімізге оралғандай болдық дейді.

«Киевке емделуге барып, протез салдырмақ едім. Тісімді емдетіп болғаннан кейін бізге елге қайтатындар елшілікке жиналуы керек деген хабар жетті. Жай күндері 300 гривен сұрайтын такси жүргізушісіне сол күні 1000 гривен беріп, тез жеткізуін сұрадық. Бізді аман-есен елшілікке апарды»,- дейді Қазақстан азаматшасы Жанар Қадырбаева.

Бомбаның дауысынан әбден қорыққан олар көзіне жас алып, жақындарымен жылап қауышып жатты. Кәрім Мәжіқұлов әйелімен бірге Украинада 2013 жылдың аяғынан бастап тұрады екен. Киевтен шекараға дейін Кәрім өз көлігімен жеткенін айтады.

«Ол жақта жағдай қиын болып тұр. 24 ақпанда таңертең Львов облысында іссапарда болдым. Бізден 15 шақырым жерде тікұшақ әскери бөлімі болды. Сол жерден таңертеңгі 7:00-ден бастап жарылыстар естілді. Содан кейін оған зымыран соққысы тигенін білдік. Мен білетін украиналықтар өз еркімен соғысқа аттанды»,- дейді тағы бір Қазақстан азаматы Кәрім Мәжіқұлов.

«Қорқынышты болды. Үш күн тамақ ішпедік, күніне екі сағат ұйықтадық. Жұмысымды қашықтан істеймін. Жағдай тұрақталғаннан кейін Киевке ораламын», - дейді Қазақстан азаматшасы Елена Кузьмина.

Украина шекарасынан өтіп, Польшаға жеткен 74 қазақстандық азамат елге қайту үшін үшінші рейсті күтіп отыр. Қазақстанның Украинадағы елшісінің кеңесшісі Сергей Коновалов осылай деді. Сондай-ақ елшілік өкілі Украинада көлікпен адам тасу құнының бірнеше есеге өсіп кеткенін айтып, қазір елшілікті қамтамасыз ету және көшіру жұмыстарын жалғастыру үшін қосымша қаржыландыру мәселесі шешіліп жатқанын алға тартты.

«Кеше Алматыға 175 отандасымыз және бүгін Нұр-Сұлтанға 124 адам келді. Осылайша Украина аумағынан 300 адамды жеткіздік. Қазір Польшадағы қауіпсіз аймақта 74 адам бар. Оның барлығы қонақүймен қамтамасыз етілген және үшінші рейсті күтеді. Біз дайындап жатырмыз. Киевтегі елшілікте 30 адам бар, бірақ олар - елшілік қызметкерлері емес. Олар азықпен қамтамасыз етілген», - дейді Қазақстанның Украинадағы елшісінің кеңесшісі Сергей Коновалов.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Украинадағы 660 қазақстандықтан эвакуация бойынша өтініш түскен. Ал консулдық есепте шамамен 1600 адам тұр. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушілеріне қатысты мәселе де шешіліп жатыр.


Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан


Новости партнеров