Алматыда ТЖД мамандары әр сенбі сайын рейд жұмыстарын жүргізеді

05.04.2021 в 22:22

Осы уақытқа дейін полициямен бірге 300-ден астам рейд жүргізсе, 1257 үйге уланудан қорғайтын құрылғы орнатып берген

Алматыда жыл басталғалы бері 133 тұрғын үй секторы өртеніп, 2 адам қаза болды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 58 пайызға артқан. Мамандардың айтуынша, өрттің шығуы көбінесе ішімдікке салынған жағдайы төмен отбасыларда тіркеледі. Ең қызығы олар төтеншеліктер тегін орнатып берген уланудан қорғайтын құрылғыны сатып жібереді екен. Сол себепті төтеншеліктер әр сенбі күні рейд жұмыстарын жүргізуді қолға алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында Түркісіб аудандық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жергілікті полициямен бірлесіп, әр үйді аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  

Тексеруші топ үйге кіре бергені сол еді қолаңса иіс мұрынды жарды. Шашылып жатқан қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Үйдің иесі болса еш уайымсыз көк жәшікке телміріп отыр. Кейін төтеншеліктер бөлмелерді аралап, ескертулер айтты.

Мамандар бәрін аяқтаған соң уланудан қорғайтын арнайы құрылғы орнатып берді. Алайда төтеншеліктердің айтуынша ішімдікке салынған адамдардың оларды ақшаға сатып жіберген кездері де болған.

«Ішімдікке құмар жағдайлары төмен отбасыларды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы сенбілік іс-шаралар апта өткізіліп тұрады. Жүргізілген шаралардың арқасында жеке тұрғын үйлердің өртенуі азая бастады»,– деді Түрксіб аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Берік Қожамбердиев.

Қазіргі уақытта қалалық төтенше жағдайлар департаментінде дәл осындай 2 мыңға жуық отбасы есепте тұр. Осы уақытқа дейін полициямен бірге 300-ден астам рейд жүргізсе, 1257 үйге уланудан қорғайтын құрылғы орнатып берген.