Елімізде балалар төлқұжатының қолдану мерзімін қысқарту ұсынылды

28.12.2021 22:22
Фото: ашық дереккөзден

Елімізде балаларға арналған төлқұжатты қолдану мерзімін қысқарту жағы қаралып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Балаларға арналған төлқұжат беруде халықаралық тәжірибені ескере отырып, оның мерзімін қысқартуды ұсынамыз. Себебі балалардың сыртқы келбеті тез өзгереді. Яғни балалар төлқұжатын 12 жасқа дейін емес, 5 жасқа дейін етіп беріп, содан соң қайта ауыстырса. 12 жастан 16 жасқа дейін беріледі. Одан әрі төлқұжат пен жеке куәліктің жарамдылығы әдеттегідей 10 жыл болып қала береді. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларға берілетін төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын 8 АЕК-тен (23 336 теңге) 4 АЕК-ке (11 668 теңге) дейін төмендету ұсынылады», деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайлов Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында жасаған баяндамасында. 

Оның айтуынша, қазақстандықтар жыл сайын 600-700 мың төлқұжат рәсімдейді екен. Оның 20%-ы балалар төлқұжаты. «Соңғы 5 жыл ішінде елімізде 3 035 956 ересек азаматтарға арналған төлқұжат және 610 061 балалар төлқұжаты дайындалыпты. Балалар төлқұжатының мерзімін қысқартуға қатысты жоғарыда айтып өткенімдей, олардың сыртқы келбеті тез өзгереді. Яғни бала тез өседі де, 2-3 жылдан кейін төлқұжаттағы суреті, дәл сол кездегі түріне сәйкес келмей жатады. Сол себепті кейде ата-аналарға жаңа төлқұжат жасатуға тура келеді. Бұл ата-ананың қалтасына жүк түсіреді, әсіресе отбасында 2-3 бала болса», дейді ол.