Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі айтты
Бүгінгі таңда еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Яғни, 449 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, жылдың басында құрылысшыларға, қызмет көрсету саласы қызметкерлеріне сұраныс жоғары болса, қазір егін егу маусымына байланысты ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс артқан. Сонымен қатар, дәрігерлер мен онлайн форматта жұмыс істейтін ІТ-мамандары да тапшы, дейді вице-министр.
«Қажетті мамандықтар атласын жасадық. Тек бізде емес, басқа да мемлекеттерде қандай өзгерістер болып жатқанын зерделедік. Өйткені еңбек нарығы жылжымалы болып келеді... Отандастарымыз шетелге барып, шетелдіктер бізге келіп жұмыс істеп жатыр... Сондықтан болашақта қандай мамандықтар болмайтынына, қандай мамандықтар трансформацияға ұшырайтынына, қандай мамандықтар сұраныста болатынына сараптама жасадық. Қорытындысында 239 жаңа мамандық пайда болып, 95-і трансформацияға ұшырады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов