Атырауда мұғалімдер жаңа тағайындалған директордың жұмыстан кетуін талап етті

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл мәселеге ұстаздар сала министрлігі араласса екен дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраудың Жылыой ауданындағы №22 жалпы орта білім беретін мектеп ұстаздары жаңа тағайындалған директордың жұмыстан кетуін талап етеді. Айтуынша, басшы лауазымына заңсыз отырған. Сонымен қатар, бес жылдан бері жалақы дұрыс төленбейді деп ашынды. Almaty.tv тілшісі Аслан Жеңіс ұстаздардың жанайқайын тыңдау үшін ауданға сапарлап қайтты.

Бұл – аудан орталығындағы білім ордасының ұстаздары. Жиналған наразы топ жаңа тағайындалған директорға қарсы. Айтуынша, оған ел арасында тараған қауесет себеп екен.

«Ол туралы біздер неше түрлі ақпаратты көріп жүрміз. Дәлелді ме, дәлелсіз бе, білмеймін. Бірақ уатцап желісінде көптеген сыбайлас-жемқорлыққа қатысты деген нәрсені оқып та жүрміз. Ол да бізге ауыр тиеді, ол кісінің бізге сөйтіп келуі. Ата-аналарымыз көріп отыр, оқушларымыз көріп отыр», – деді мұғалім Гүлжазира Сағынқызы.

Сонымен қатар, жиналғандар жаңа басшы директорлық конкурстан әділетсіз өтті дейді. Оның тағайындалуына қамқоршылық кеңес мүшелерінің басым көпшілігі қарсы болған көрінеді.

«Біз негізі заңсыз келіп отыр деп ойлаймыз. Өйткені директорды қойғанда өзінің кезеңдері бар екен. Соның ішінде бір этап мүлдем бұзылған. Жанағы ата-аналардың кеңесі бойынша, ол комитет ол кісіні мүлдем ұсынбаған», – деді мұғалім Айнагүл Шайхин.  

Басынан дау арылмаған мектепке директор болып тағайындалған басшы ұстаздардың өзіне қарсы екенін білмейтін болып шықты. Тіпті, не үшін екенін түсінбей дал. Мәселені бізден естіген ол әрі қарай мұғалімдермен ауызбіршілкте жұмыс жасауға уәде етті.

«Мен тағы да қайталап айтамын. Қамқоршылық кеңестің жұмысына қатысқан жоқпыз. Қатыса алмаймыз. Ол біздің құзыретімізге жатпайды. Алайда олардың шешімінде Кенжегалиева Райгуль Алдановнаны келісімін беріп тұр», – деді Жылыой аудандық  білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева.  

Бұдан бөлек, бұл білім ордасындағы ұстаздар бес жылдан бері жалақы дұрыс төленбейді деп ашынады. Мәселені көтеріп біраз жерге барған. Бірақ еш нәтижеге қол жеткізе алмапты.

«2018-2019 оқу жылында қыркүйектен бастап менің айлығымнан 50 мың теңгеден жеті ай бойы жалпы  сомасы 350 мың теңге менен ұстады есепші. Содан мен есепшіге барып сұрағанда, 50 мың теңге ол қомақты ақша, неге сен ұстап отырсың, мен, мысалы, көпбалалы анамын, көк кітапшам да бар. Балдарымның тамағынан сен жырып ұстап отырсың, маған тым құрмағанда заңды түрде дәлелін бер дегенде, олар маған бас есепші  ұста деп айтты деп, содан ұстап жатырмын деді. Қазір мен енді оны дәлелдей алмаймын, ол енді жоқ жұмыста. Оның үстінен іс қозғалып жатыр», – деді мұғалім Айман Лұқпанова.  

Бұл мәселеге қатысты біз Атырау облыстық білім беру басқармасын сөзге тарттық. Ондағылар ұстаздар тарапынан ешқандай шағым болмағанын айтады. Тіпті, жалақының дұрыс төленбеуі туралы бізден естігенін айтып таңғалды.

«Бұл бойынша ешқандай мәселе туындаған емес. Өйткені еңбекақы уақытында төленіп отырады. Әрі заңға сай, өзінің тәртібіне сай төленіп отыратынын қаперіңізге береміз. Осы алған жағдай бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, білім беру басқармасы тарапынан тағы да қосымша тексеру жұмыстары жүргізіліп,  анықталатынын айтамыз», – деді Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.

Қазір көтерілген мәселеге қатысты басқармадағылар арнайы комиссия құрылатынын айтты. Ал 70-тен астам жұмысшысы бар білім ордасындағы ұстаздар әзірге жаңа сайланған директорға бағынуға тура келеді. Өйткені салаға жауапты басқарма мен білім бөлімдегілер жаңа басшының заңды жолмен келгенін кесіп айтты. Қордаланған жалақы мәселесі қашан шешілетіні белгісіз. Белгілісі – мұғалімдердің бес жыл бойы уәкілетті органдардың табалдырығын тоздырғаны ғана.

Ал, бұл мәселеге ұстаздар сала министрлігі араласса екен дейді.

Новости партнеров