Ол үшін құжат жинап, ешқандай кезекке тұрудың қажеті жоқ
2024 жылдың ақпан айынан бастап 18-ге толғандарға Ұлттық қордан ақшасы түсе бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Тек жалғыз шарты – міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс.
Ол үшін құжат жинап, ешқандай кезекке тұрудың қажеті жоқ. Барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады дейді қаржы министрлігі. Кейін ақшаны оқуға немесе тұрғын үй алуға жұмсауға болады.
"Егер 18 жасқа ге толмай тұрып Қазақстан азаматтығын өзгертіп жататын болса, басқа елге көшіп кететін болса, ол құқықтан айырылады. Орташа есеппен алған кезінде сомасы 2018 жылдың орта есебімен алынады. Өйткені дағдарыс кезінде болды, Ұлттық қордың кірісінің кейде теріс мәні болған кездері бар. Бүгінгі күнге ол 2,6 пайыз. Сол соманы есептегенде 18 жылда, кем дегенде 3,5 мың доллар алатын жағдайы бар", – дейді мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.
Әрине, бұл сома пәтер алуға жетпейді. Сондықтан қаражатты "Отбасы банкке" немесе депозитке салып көбейтуге мүмкіндік беріледі. Егер оқуға төлейтін болса, сома бірден ЖОО-ның есепшотына құйылады. Нақты тізім осы жылдың тамыз айына дейін реттеледі.
Алғашқылардың бірі болып ақша алатын қазақстандықтардың саны 260 мың шамасында. Ал берілетін ақша қыркүйекке дейін есептелуі тиіс. Кейін барлық мәлімет Бірыңғай жинақтаушы қорына беріледі. Ол жылдың аяғына дейін қордан ақша алатындардың дерегін тексереді. Мұндай әр кезеңді жұмыс, нақты ақша аударымдары аударылатын сәтте, операциялардың автоматты түрде жүзеге асуына көмектеседі. Құжат жұмысы реттелген соң, келесі жылдың бірінші айы біткенше 18-ге толған қазақстандықтардың шотына Ұлттық қордан өзіне тиесілі ақша салынады. Тізім жылына бір рет жаңартылып тұрады.
"Бірінші төлемдер 2024 жылдың 31 қаңтарына дейін түседі. Қазір 17-дегі жасөспірім келесі жылы бірінші төлемді алады. Ал 2024 жылдың 1 ақпанында 18-ге толатындар сол кезден бастап өтініш жаза берсе болады. Ақшаның түсуі әр адамның туған айына байланысты. 18-ге толғаннан кейін сол айда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барып өтініш бере берсе болады. Қазір бәрінің онлайн платформа арқылы жүзеге асуы үшін жұмыс істеп жатырмыз", – дейді ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.