Төлеутай Рақымбеков Батыс Қазақстан облысының шаруа қожалықтарын аралады

28.05.2019 22:24

Президентікке үміткер Төлеутай Рақымбеков өңірлерге сапары аясында Батыс Қазақстан облысында болып, жергілікті шаруа қожалықтарымен жүздесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Онда еңбек етіп жатқан мамандармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.  Кандидат қыруар қаржыға шеттен мал сатып алғанша, осындай бағыттағы кәсіп көзіне қолдауды күшейту керектігін айтты.

«Т.Рақымбеков әңгіме арасында өзінің шетелдерде,  Аргентинада болғанын айтып, сол жақтағы ғалымдардың пікірін келтіреді. Сосын сөз соңында өз жеріміздегі ақбас тұқымды көбейтуіміз керек деп тоқталды», – дейді –  шаруа қожалығы басшысының орынбасары Ермек БОРАНБАЕВ.

Елдімекен тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, ауыл түтінін өшірмей отырған осындай шаруа қожалықтары екенін, бірақ, соның өзінде екі қолға бір күрек таппай, қалаға қарай сабылып жатқан жастардың көптігін айтқан Төлеутай Рақымбеков ауылдың тыныс-тіршілігін дамытуға бар күшін салатынын айтты.

«Ауылда ең алдымен жол, сосын ауызсу мен электр қуатының мәселесін қолға алу керек. Сондай-ақ мектеп пен ауруханалар мәселесін де шешу қажет.  Сонда ғана жергілікті тұрғындар елдің болашағына сенеді. Ал ел болашағы жарқы болуы үшін ауыл шаруашылығын дамытып, ауылды гүлдендіру керек», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ.