Алматыда жараланған әскерилер шипажайда ем қабылдайды

14.01.2022 22:26

Қазір «Қазақстан» шипажайында барлығы 17 адам ем қабылдауда

Almaty.tv

Алматыда жараланған әскерилер қаладағы шипажайларда ем қабылдауға жіберіліп жатыр. Олардың бәрі – ауруханада емделген тәртіп сақшылары. Енді олар стационарлық ем-домын шипажайда жалғастырады. Әзірге олардың қатарында тек қалалық полиция департаментінің қызметкерлері ғана бар. Алдағы уақытта басқа да әскерилер мен шекарашылар және курсанттар жеткізіледі деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


Айдар Жоламанұлы 15 жылға жуық уақыт ішкі істер органында қызмет істеп келеді. Алматыда 4 қаңтар күні лаңкестер ойламаған жерден шабуыл жасаған кезде ол түнгі кезекшілікте болыпты. Бастапқыда бейбіт шеруге шыққан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Сейфуллин – Тимирязов көшелерінің қиылсында бақылау жасаған. Кейіннен тұтқиылдан содырлардың қалай келіп қалғанын аңғармай да қалыпты. Сол түні болған оқиғаның мән-жайын суыртпақтап сұрап көріп едік, Айдардың қорқынышты трагедияны еске алғысы келмеді. 

«Аяқ-астынан келді, бейбіт шеру дегеннен кейін ешкім ондайды күткен де, ойлаған да жоқ. Ешкімге оңай тиген жоқ. Халыққа да, полиция қызметкерлеріне де, әскери қызметкерлерге де, бәріне қиын болды. Бұл бүкіл Қазақстанның жағдайы ғой», – дейді Бостандық ауданы патрульдік полиция қызметкері Айдар Әміров.

Медеу ауданының патрульдік полиция қызметкері Мейірбек Дәулеткелдіұлы да осы шипажайда ем қабылдап жатыр. Ол әріптесі секілді қауіпсіздікті бақылауға шыққан. Кейіннен бір топ террорист Мейірбекті соққыға жығыпты. Соның салдарынан басы жарылып, мұрны сынып, ауыр жарақат алған.

«Ешқандай шара қолданбадық, себебі біріншіден, жоғарыдан бұйрық болмады, екіншіден халыққа қол көтеру деген іс-әркеттерге жол берілмеді. Шабуыл жасағандар өте көп болды. Біз 400 адам болсақ, олардың саны бізден екі есе асып кетті», – деді Медеу аудандық патрульдік полиция қызметкері Мейірбек Нүсіпақын. 

Қазір «Қазақстан» шипажайында барлығы 17 адам ем қабылдап жатыр. Мұнда оларға толық ем алып, айығып шығу үшін барлық жағдай жасалған. 5 мезгіл тамақ пен түрлі ем-дом шаралары көрсетіледі. 

«Ең алдымен, психологиялық жарақат алды ғой. Үлкен психологиялық шок болып тиді. Мен өзім бірінші күннен-ақ келгендермен араласып көрдім. Олар көп жағдайда сол оқиғаны еске алғысы, ашылып айтқысы келмейді. Қазір емдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді «Қазақстан» АҚ шипажайының президенті Бексұлтан Сәрсеков.

Шипажай мамандарының айтуынша, орталықта 250 адамға дейін бос төсек-орын бар. Сондай-ақ тек Алматы қаласы емес, Алматы мен Жамбыл облыстары секілді жақын орналасқан елдімекендерден де жаралы әскерилерді тегін қабылдауға дайын екенін жеткізді.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы