Аружан Саин: «Бюджет қаржысын концерттер мен нәтижесіз шараларға жұмсауды доғару керек»

27.09.2019 22:26

Бүгінде Қазақстанда 109 балалар үйі бар, онда 5000 бала тәрбиеленіп жатыр

Бюджет қаржысын концерттер мен нәтижесіз шараларға жұмсауды доғарып, ол ақшаны балалардың жағдайын жасауға бағыттау қажет. Қазақстандағы бала құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Амбудсмен балалар арасында қылмыстың алдын алу үшін олардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесін шешу керектігін алға тартып, үйірмелер мен қосымша білім беретін орталықтардың тапшылығын тілге тиек етті.

Қоғам белсендісі Аружан Саин аналардың шеруге шығып, «көпірден секіремін» деп сес көрсетуі бала тәрбиесіне зиян екенін ескертеді. Себебі ата-анасының мұндай әрекетін көріп өскен бала ертең суицидтік әрекетке бейім болуы бек мүмкін. Одан бөлек қоғам белсендісінің тәртіп сақшыларына да айтар өтініші бар. Отбасы болып шеруге шыққандарды балаларымен бірге  шұбыртып полиция бөліміне жеткізу тәжірибесі тоқтатылса дейді. Ал әкімдерді Аружан ханым  бюджет қаражатын концерттер мен өнер жұлдыздарына шашпай, мұқтаж балаларға жұмсауға шақырады.

«Бұл қаржыны имидждік шараларға, концерттерге, әртүрлі мерекелерге жұмсауды доғару керек. Олар ешқандай пайда әкелмейді. Оларға бюджеттің қомақты қаражаты кетеді. Сондықтан мен жергілікті атқарушы органдарға, аймақ басшыларына қаржылық саясатын түбегейлі қарап шығып, мұндай шараларды өткізуге тыйым салсаңыздар, балаларға көбірек ақша бөлсеңіздер, бір жылдан соң сол балалар концертте өздері өнер көрсететін болады дегенді жеткізгім келеді», - деді Қазақстандағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан САИН.

Отбасында балаға зорлық-зомбылық көрсету, алимент төлемеу - күнтәртібінде тұрған күрмеулі мәселелердің біріне айналғаны да айтылды. Жылдан-жылға Қазақстанда ДЦП ауруына шалдыққан балалар саны артып келеді екен. Мүмкіндігі шектеулі бүлдіршідерді емдейтін оңалту орталықтарының қатары санаулы.  Қазына қаржысын осы бағыттағы жұмыстарға бағыттау керек, дейді амбудсмен.

«Бізде қағаз жүзінде оңалту орталықтары көп. Бірақ олар дұрыс қызмет көрсетпейді. Бұл ресурстар тиімді пайдаланылып жатқан жоқ. Екі үлкен республикалық оңалту орталығы бар. Ондағы деңгей өте жақсы. Бірақ бұл орталықтарға баланың жылына 2-3 рет барғанынан пайда болмайды»,  - деді Қазақстандағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан САИН.

Бүгінде Қазақстанда 109 балалар үйі бар, онда 5000 бала тәрбиеленіп жатыр. Егер олар жабылса, балалардың құқықтары теңесер еді, дейді қоғам белсендісі. Бұдан бөлек брифинг барысында «Жусан» операциясы бойынша Сириядан оралған жеткіншектердің тағдыры туралы да сөз қозғалды.

«Бүгінгі таңда бізде кәмелет жасқа толмағандарға 15 әлеуметтік-психололгиялық, құқықтық көмек көрсету орталығы бар. Орталықтарда тәулікті стационарда 4 ана 14 баласымен орналастырылған. Қалғандары күндізгі стационарда. 254 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылған.  Жетім балаларға арналған мекемелерде 153 бала білім алып жатыр», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл АСЫЛОВА.

Елімізде балаларды қосымша білім берумен қамту бар болғаны 31 пайызды құрайды. Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында көрсеткіш көңіл көншітерлік. Ал, Алматы, Шымкент шаһарлары мен Түркістан облысындағы жағдай әлі де болса алаңдаушылық туғызуда.

Асылбек Тойбек, Азамат Кәкенов