Cоңғы 4 жылда 1868 адам: Педофилдерге қарсы қылмыстық жаза қатаңдатылғанымен, қылмыстың бұл түрі азаяр емес

24.09.2020 22:26

Сенатор Дана Нұржігіт депутаттық сауал жолдады

көрнекі сурет

Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жаза қатаңдатылғанмен, қылмыстың бұл түрі азаяр емес. Бүгін сенатор Дана Нұржігіт өзінің Қазақстан Республикасы бас прокуроры Ғизат Дәуренбекұлына жолдаған  депутаттық сауалында осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Депутат бейкүнә балаға зорлық қылған қылмыскерлерді  рақымшылық алудан дәмеленбейтіндей, мерзімінен ерте босап шығатындай құқығынан айырып, тәртібі барынша қатаң  түзеу мекемелеріне  оқшаулаған жөн деді. Статистика бойынша, елімізде соңғы 4 жылда кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты сексуалды сипаттағы қылмыстар жасаған үшін 1868 адам кінәлі деп танылған. Олардың 539-ы ғана 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал, көпшілігіне мұндай жаза қолданылмаған. Қазіргі кезде кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалды сипаттағы қылмыс жасағаны үшін 1600 адам жазасын өтеп жатыр екен.

«Статистикаға сүйенсек, педофилдердің көбі бостандыққа шыға сала бір жылдың ішінде сол қылмысты қайта жасайды екен. Яғни, келесі жолы   дәл сондай қылмысқа баруға, түрмедегі өмірі сабақ болмаған. Осы жылдың өзінде ғана,  кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалған қылмыс 8 пайызға өскен. Мұны тоқтату үшін қатаң жаза қылмысты жасаған адамға ғана емес, сол қылмысқа жол берген, фактілерді жасырған, қылмыскердің жалтаруына мүмкіндік берген азаматтарға да қолданылуы керек деп ойлаймыз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт.

Ал, Сенатор Нариман Төреғалиев бастаған бірқатар депутат жасөспірімдерді кибербуллингтен қорғау шараларының қажет екенін айтып, Премьер-министрге сауал жолдады. Әлемдік статистика бойынша адам күніне 6-7 сағат интернетте отырады. Сондықтан кез келген пайдаланушы кибербуллингтің құрбаны болуы мүмкін. Алайда зардап шеккендер мен олардың қудалаушыларының негізгі жасы 11 мен 16 жас аралығында, демек еліміздегі жасөспірімдердің 12%-ға жуығы осы кибербуллингтен зардап шегіп отыр, дейді Сенат депутаты.

«Әлеуметтік желілер арқылы таралған «Көк кит», «Тыныш үй», «Қызыл жапалақ», «Мені сағат 04:20-да оят» тәрізді ойындар дүние жүзін дүрліктіріп қана қоймай, енді қазақ тілінде пайда бола бастағаны қоғамды алаңдатуда. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Арыс қаласының тұрғыны «Вконтакте» әлеуметтік желісі және «Telegram» мессенджері арқылы балаларды суицидтік сипаттағы ойындарға тартқаны анықталды. Сондықтан дәл қазіргі қоғам үшін адамның құқығын, соның ішінде балалардың құқығын қорғау, оларды буллинг пен кибербуллингтен сақтау маңызды», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев.