Елордада апатты үйде тұрып жатқан халықтың жанайқайы – ауру болдық

Almaty.tv
Almaty.tv
300-ге жуық тұрғыны бар көне ғимаратты әкімдік сүруге жібереміз деген уәдесін орындамады дейді халық
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада апатты үй жарамсыз деп танылмай тұр. 300-ге жуық тұрғыны бар көне ғимаратты әкімдік сүруге жібереміз деген уәдесін орындамады дейді халық. Нысанды бұзу туралы ескерту қағаздары бірнеше рет келген. Алайда әлі күнге дейін мүліктеріне бағалау жүргізілмепті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Асан Қайғы көшесіндегі үйдің тұрғындары 4 жылдан бері тозығы жеткен үй мәселесімен күресіп келеді. Халық үйді бұзу туралы екі рет хабарлама алған. Алайда әкімдіктің мәселені сағыздай созғанына наразы. Не күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай, не сата алмай отыр екен.

«20 жыл болған үйлер. Ескі үйлер. Үйлер құлап жатыр, жөндеу жқмыстарын жүйргізейік десе, істеткізбейді. Былтыр қағаз келген, биыл тағы келді. Үй салуға болмайды дейді. Рұқсат бермейді. Ауру болдық. Ауырып ауруханаға жатып шықтық. Ылғал, жағдай жоқ», – деді қала тұрғыны Құдайберген Жақаев

35 жылдан бері тұрып келе жатқан Гүлбаршын Тоқабаева үйді бұзудан бөлек қарды тазалауда үлкен мәселеге айналды дейді. Шала тазалайтындықтан, кейде қар суы үйдің астына, яғни еденіне ағатын көрінеді.

«35 жылда үйіміз жерге түсіп, жерге батып барады. Өйткені бұл жер батпақты жер, езіліп жатады. Оның үстіне жаңағы су келмесін деп, асфальт төсейміз. Жан-жақты көтереміз. Сондықтан үйіміз жерге түсіп жатыр», – деді қала тұрғыны Гүлбаршын Тоқабаева.

Ал, қалалық жылжымайтын мүлік кәсіпорнының директоры Александр Строчков Асан Қайғы көшесіндегі үйлерді бұзудың бірінші кезеңі жүзеге асырылғанын айтады. Себебі 2019 жылы 48 тұрғын үй сүрілген екен.

«Тұрғындар бұл үйлерін сата алады. Яғни, сатушы мен сатып алушының арасындағы келісімшартта бұл үйдің келешекте бұзуға кететіндігі көрсетіледі. Егер сатып алушы оған келіссе, ешқандай мәселесіз үйді сата алады. Сонымен қатар, бүгінде үйлерді бұзу процессі өткен жылы тоқтатылған болатын. Өйткені коронавирустық пандемияға байланысты үйді бұзуға қаражат бөлінбеген», – деді Нұр-Сұлтан қалалық жылжымайтын мүлік кәсіпорнының директоры Александр Строчков.

«Міне, төрт жыл болды. Бір хабарлама берді сүріп тастау туралы. Одан Арыста жарылыс болды. Мақтарал суға кетті. Одан пандемия деген басталды. Сіздердің ақшаларыңыздың барлығы соған кетіп жатыр деді. Енді вакцинация деген шықты. Сонда Асан Қайғының көшесінің ақшасы барлық сондай жағдайға кетеді екен үкіметтің. Сонда біздің жағдайымызды кім ойлайды?» – деді қала тұрғыны Гүлбаршын Тоқабаева.

Ал, жауапты мамандар қалған 280 үйді бұзу үшін барлық жұмыстар жасалып жатқанын айтып отыр. Қазіргі таңда қаржы министрлігі Республикалық бюджеттен қаражат бөлу туралы өтінішті қарастыруда дейді.

Новости партнеров