Бұған дейін сотталушы өзіне құзырлылар тарапынан күш көрсетілгенін айтқан еді
Мұрат Асқароғлына тергеу изоляторында еш қысым көрсетілген жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін «туған ұлын таспен ұрып, жол жиегіне тастап кетті» деп айыпталған әкенің ісіне қатысты сотта тергеуші осылай деді. Бұған дейін сотталушы өзіне құзырлылар тарапынан күш көрсетілгенін айтқан еді. Асқароғлы тәртіп сақшыларының оған арнайы қоспа беріп, тіпті басына полиэтиленді пакет кигізіп, кінәсін күштеп мойындатқанын айтқан еді. Алайда, аты шулы істің сотқа дейінгі тергеуін жүргізген полицей мұның барлығын жоққа шығарды. Тергеуші Мұрат Асқароғлының тіпті «қысым көрдім» деп шағымданбағанын жеткізді.
«Күдіктіге жеке өзімнің немесе басқа да әріптестерімнің тарапынан ешқандай қысым, күш көрсетілген жоқ. Сотқа дейінгі тергеу кезінде Асқароғлы қорғаушысының көзінше кінәсін мойындады. Зәбір көрдім деп, ешқандай шағым жазған жоқ. Бастапқы қорғаушысы ауысып, оны қорғауға Үстеміров кіріскенде де арызданбады. Тек бір айдан соң Үстеміров күдіктіні қайта тергеу туралы өтініш білдірді. Сол тергеу кезінде ғана ол өзіне қысым көрсетілгенін жеткізді. Бұл шағымнан кейін менің білуімше, жемқорлыққа қарсы күрес қызметі қылмыстық іс қозғап, тексеріс жүргізді. Оның айтқаны расталмаған соң іс тоқтатылды», – деді Алматы қаласы ПД тергеу басқармасының тергеушісі Нұрлан БОЛАТОВ.
Алайда, Мұрат Асқароғлы алғашқы сот отырысындағыдай бүгін де ағынан жарылды. Өзіне тағылған айыпты мойындаудан үзілді-кесілді бас тартып, жарты жылдан бері жалғасып келе жатқан соттан әбден жалыққанын айтып қалды. «Бар кінәм – балама бас-көз болмағаным» деді ол.
«Маған бір ғана кінә тағуға болады: ұлыңды үйге жеткізіп салмадың деген. Мен ол кінәмді мойындаймын. Сол үшін өзімді де ар-ожданым мазалайды», – деді сотталушы Мұрат АСҚАРОҒЛЫ.
Айта кетейік, «өз ұлын өлімге қиды» деп айыпталған Мұрат Асқароғлының соты алқабилердің қарауымен өтіп жатқанына жарты жылдан асты. Ал жантүршігерлік жайт былтыр шілдеде орын алған. Шығыс айналма тас жолының бойындағы тал түбінде ес-түссіз жатқан 4 жасар бүлдіршін табылған болатын. Бастапқыда полицейлер баланы көлік қақты деген болжаммен, жүргізушіні ұзақ іздеген еді. Артынша, баланың туған әкесінің қолына кісен салынды. Ол ұлын «мазамды алғасын ұрдым» деп кінәсін мойындаған еді. Алайда сот басталғанда Асқароғлы алғашқы жауабынан айнып, мұндай іске бармадым деп азар да безер болды.