Роботты толықтай оқушылар өздері жасап шығарған
Қазақстандық оқушылар ел намысын әлемдік аренада қорғамақ. Олар Түркияда өтетін іріктеу сайысына дайындалып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздің әр өңірінен жиналған өнертапқыштар бүгін роботтарын соңғы рет тексеріп, ертең жарысқа аттанады. Смарт құрылғының қауқарын мен байқап көрген едім. Алған әсеріммен бөлісейін.
Мына смарт құрылғының салмағы 50 келіден асады. Робот бес-ақ күнде құрастырылған. Құлтемір тұмсығымен допты алып, оны қақпаға дәл кіргізуі керек. Ал, ортадағы камера нысананы автоматты түрде өзі көздейді. Жалпы робот мынадай бір ғана джойстикпен басқарылады.
Роботты толықтай оқушылар өздері жасап шығарған. Алайда қажетті бөлшектерінің көбі шетелден жеткізілген. Тек кейбірін Алматыдағы құрылыс дүкенінен алыпты. Қолжетімсіз детальдарды 3Д принтер арқылы дайындаған. Адаммен бірдей аппаратты құрауға шамамен 6 мың доллар кеткен. Бұл қаражатты демеушілер бөлген.
Жарыс кезінде роботтар шаршы алаңға жіберіледі. Онда олар түрлі тапсырманы орындайды. Бастысы құлтемір шапшаң қимылдап, көп ұпай жинау керек. Ақылды аппарат тіпті спорттық жаттығу да жасайды.
«Ойында үш кезең болады. Бірінші кезең – доптарды лақтыру. Екінші кезеңде дөңгелек болады. Соны айналдыру керек. Ойынның соңында робот өзін көтеріп, ілініп қалу керек. Ойынның бастапқы тапсырмалары, ережелері осындай», – деді «Кернеу Robotics» командасының мүшесі Елтай ҚАСЫМ.
«Кернеу Роботикс» атты командада 9 оқушы бар. Оның алтауы Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің білімгерлері. Қалғаны өзге өңірден жиналған. Бәрі де робот құрастырудың шебері. Қазақстандық құрама наурыздың 9-ы мен 11-і аралығында Түркияда өтетін FIRST ROBOTICS COMPETITION жарысына аттанбақ. Аталған сайыста 10 елден 30-дан астам команда бақ сынайды. Айта кетейік, бұл құлтемірлер жарысына ТМД елдерінен Қазақстан мен Украина ғана қатысады.
«Сол іріктеуден өткен соң бізге АШҚ-қа шақыру келеді. Америкада әлемдегі ең үлкен жарыстың бірі – FIRST ROBOTICS COMPETITION өтеді. Ол жарыс негізі 1989 жылдан бері жыл сайын өтіп келе жатыр», – деді USTEM ROBOTICS Қазақстан робототехникасын дамыту қорының басқарма мүшесі Нұрдәулет ДОСМАҒАМБЕТ
Иа, Түркиядағы іріктеу кезеңінен өткен соң оқушылар АҚШ-қа жол тартады. Онда әлемнің жас өнертапқыштары сайысады. Егер аталған жарыста жеңіс тұғырынан көрінсе, оған ұйымдастырушылар арнайы стипендия бөледі. Сол арқылы жеңімпаз әрмен қарай білімін АҚШ-тағы білікті университетте жалғастырады. Мұндай бәйге отандық өнертапқыштардың шыңдалып, шетелде білімін жетілдіруге септесетіні сөзсіз.
Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы