Бүгінде Алматының айналасына 27 блок-бекет қойылған
Алматы қалалық Әкімшілік полиция басшысы Жандос Мұратәлиев қала әкімдігінде өткен арнайы брифингте блок-бекеттердегі жағдай туралы мәлімдеді. Сондай-ақ, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда карантин жариялануына байланысты, қаланың барлық кіреберісіне 27 блок-бекет орналастырылып, сырттан келетін автокөліктерге шектеу қойылды. Блок-бекеттердегі жұмысқа патрульдік полиция полкінің, Арнайы жедел әрекет ету жасағы қызметкерлері, Ұлттық гвардия мен Қорғаныс министрлігі әскери бөлімшелерінің күштері жұмылдырылған.
Әкімшілік полиция басшысының айтуынша, автокөліктер қалаға кіру үшін өткен күндердегі секілді тек тексеру жүргізілгеннен кейін және Алматыда ресми тіркеуі бар азаматтарға ғана рұқсат етіледі. Блок-бекеттер жұмыс істеген сәттен бері қалаға 28 960 автокөлік (оның ішінде, жеңіл көліктер — 23 744, шағын автобустар — 907, жүк көлігі — 4309, барлығы 59 975 адам болған) кірген.
«Алматы қаласының тұрғындары болып табылмайтын 2765 автокөліктің иелері әртүрлі себептер бойынша жол жүруден бас тартқан. Десе де, блок-бекеттер арқылы медициналық мекемелердің 8 385 қызметкері, әкімдік қызметкерлері және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да өкілдер СЭС қызметкерлерінің тексеруінен өтеді. Егер олардан ауру белгілері, жоғары дене қызуы байқалмаса, қалаға өтуіне болады», – деп атап өтті қалалық әкімшілік полиция басшысы.
Автокөліктердің қаладан Алматы облысына қарай кедергісіз жүруі жүзеге асырылып, бүгінде қаладан барлығы 23 555 автокөлік (оның ішінде, жеңіл көліктің саны — 19 392, шағын автобустар — 746, жүк көліктері — 3417, онда 50 209 адам) шығып үлгерді.
Полиция басшысы әлеуметтік желі қолданушыларының блок-бекеттерден қалаға кіру үшін азаматтар ақша беріп өткені жайындағы шағымына да жауап қайтарды.
«Алғашқы күндері түсінбеушілік болғанымен, бүгінде блок-бекеттердің жалпы жұмысы тұрақтанды. Ол сондай-ақ, қалаға кіру үшін 2000 теңге алған қызметкердің бүгінде әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Қазір қаладағы барлық дәріхана мен белгілі бір азық-түлік нысандары жұмыс істегені болмаса, барлық қызмет көрсету орындары жабық. Сондықтан қалаға кірудің қажеттілігі шамалы. Егер біз барлық сақтық шараларын сақтап, үйде отыратын болсақ, бұл індетті тезірек ауыздықтайтынымыз анық. Бәріңізге үйден шықпауға кеңес беремін», — деді ол.