Бүгін 20 шақты ерікті Медеу ауданына қарасты бірнеше мекенжайды аралауға шықты. Олар елірткіш заттар сататын сайттың мекенжайына жол сілтейтін жазуды өшіреді. Ондағы мақсат – Алматыда есірткіні ашық жарнамаға жол бермеу, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ә дегеннен-ақ белсенділер 50-ден астам ірілі-ұсақты жазбаның көзін жойды. Сорақысы сол, есірткі жайлы мәлімет беретін сайттың жарнамасын әдетте жастардың өзі ақшаға жасайтын көрінеді. «Аманат көмек» қоғамдық қорының айтуынша, шетелдік сайттар осындай жазба қалдыру үшін ақы төлейді екен. Сондықтан, әр түрлі жерге шимай қалдыратындардың өзіндік стилі қалыптасып үлгерді дейді олар.
«Жазбада тапсырысты алатын сайттың мекенжайы мен үстінде нөмірлері көрсетіледі. Сандар жазбаның реттік нөмірін және салынған уақытын меңзейді. Яғни, бұл кейін сайтты жарнамалауға тапсырыс беретіндерге дәлел ретінде суретке түсіріліп жіберіледі. Бізді алаңдататыны, жазбалар енді ескі тұрақжайларда ғана емес, балалар алаңында, дүкендердің сыртында, тұрғын үйдің кіребересіне дейін қаптап кетті», – дейді «Amanat Komek» қоғамдық қорының директоры Бауыржан АМАНТАЕВ.
«Есірткісіз қала» бағдарламасы аясындағы бұл шара жыл соңына дейін жалғасады. Аталған мәселеге қоғамның назарын аудару үшін еріктілер қыруар жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, осыған дейін акция Алмалы және Медеу ауданында өтті, енді қыркүйек айында қаланың басқа да аудандарында өткізілгелі жатыр.