Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот құруды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот құруды ұсынды. Құқық қорғау институттарын күшейтуге мән берген Президент бүгінде азаматтар, қазіргі бар Конституциялық кеңеске жүгіне алмайтынын атап өтті. Сондықтан құрылатын жаңа сотқа кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ адам құқығына, әсіресе адамды азаптауға қатысты қылмыстарды тергеуге жүйелі қадамдар қажет деді. Судьялардың тәуелсіздігіне ешкімнің қол сұқпауына кепілдік беру туралы айтылды. Бұдан бөлек ел мен мемлекет арасын жақындату, ашық қоғам қалыптастыру үшін қоғамдық кеңестердің рөліне тоқталды мемлекет басшысы. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дей келе, дала демократиясы дәстүрін жаңғыртуды, яки Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құруды ұсынды.
«Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық тәртіптің біртұтас институцияоналдық деңгейін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналады. Қазіргі қоғамдық кеңестің бәрін өз айналасына топтастырады. Оның құрамында барлық аймақтың өкілдері болады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтарымыздың қуатты болуына тікелей байланысты. Сондықтан азаматтардан келіп түскен көптеген ұсыныс ескеріліп Президент бірқатар өңірді қайта құру, бөлу және атауға ұсыныс жасады. Осы ретте жаңадан Абай облысын құрып, оның орталығын Семей қаласы етіп белгілеу ұсынылды. Бұл - аймақтың әбден тозған ішкі инфрақұрылымын реттеуге жол ашпақ. Елді тағы бір елең еткізген жаңалық – Ұлытау облысын құру болды. Жаңа өңірдің орталығы Жезқазған қаласы болады. Бұдан бөлек Алматы облысын екіге бөліп, бірін Жетісу, бірін Алматы облысы ету керек екені айтылды. Өйткені Ұзынағаш немесе Талғардағы ағайынның мәселесі сонау Талдықорғанға жете бермейді. Егер шешім шықса онда Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болады. Осы ретте мемлекет басшысы Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың атын беру туралы елдің ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
«Жалпы жаңа облыстардың құрылуы – көптің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік аумақтық өзгерістер мемлекеттің басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.