Оларға 14 ота жасалған
Қордайдағы жанжалдан зардап шегіп, ауруханада жатқандардың жағдайы жақсы. Бұл туралы Алматы ауруханаларын аралап шыққан еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров мәлімдеді. Айтуынша тәртіпсіздік орын алған күннен бері 170-тен астам адам медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы зардап шеккендердің 25-і Алматы ауруханаларында ем қабылдап жатыр. Солардың бірі – қақтығыс салдарынан соққыға жығылған 78 жастағы Төлеген Құдашбаев. Дәрігерлер оның қазіргі жағдайы жақсы дейді. Жамбасына зақым келген ақсақалға ота жасалып, бір-екі күнде палатаға ауыстырылады дейді. Әзірге жансақтау бөлімінде жатыр.
Төлеген ақсақалдың жары Зура Құдашбаева көмек қолын созған ақ халаттыларға алғыстан басқа айтарым жоқ дейді. Вице-министр бастаған делегацияның алдынан шыққан ол жедел қимылдағанның арқасында от ағасының беті бері қарағанын жеткізді.
«Дәрігерлерге алғыс айтамын. Бар айтарым сол. Ақсақал аман-есен жазылып кетсін», - деді Т.Құдашбаевтың жары Зура ҚҰДАШБАЕВА.
Зардап шеккендердің жағдайымен жеке танысып шыққан Камалжан Надыров толық емделіп кету үшін аруханаларда барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Олардың дені қалалық №7, №4, жедел шұғыл көмек көрсету және Алматы облыстық көп салалы ауруханасында жатыр.
«Әр түрлі жағдайдағы көптеген ота жасалды. Көбі жеңіл жарақат алғандар. Олар қазір амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Жедел қимылдау барысында 30-дан астам жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Бұдан бөлек көршілес Қырғызстанның ауруханаларында да біздің елдің азаматтары жатқаны туралы ақпарат жетті. Осы оқиға бойынша құрылған комиссия төрағасының нұсқауымен өзім сол елге барып, жағдайды көзіммен көріп қайттым. Белгілі болғандай 11 адам медициналық қызметке жүгінген. Олардың 9-ы Алматыға ауыстырылса, жеңіл жарақат алған екеуі жақында емханадан шығады», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан НАДЫРОВ.
Сондай-ақ министрлік тарапынан Қордайдағы аудандық орталық ауруханасынан бір адамды және Қырғыз Республикасынан екі науқасты Алматы қаласына жеткізу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Қуан Нұрақын, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы