Электронды еңбек биржасына жасанды интеллект жүйесі енгізілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Енді жасанды интеллект жұмыс іздеушінің қалаған жалақысын ескере отырып, тұрғылықты жері, дағдыларына сай, тиімді вакансияларды ұсынады.
Бұған дейін порталда жұмыс іздеушілер өз түйіндемелерін жарияласа, жұмыс берушілер бос орындар туралы ақпаратты орналастырып отыратын. Енді жасанды интеллект барлық ақпаратқа талдау жасап, екі жаққа да тиімді ұсынымдарды жібере алады. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, енгізілген жаңа модельдің келесі этапына көшу жоспарланып отыр.
- Келесі кезең жасанды интеллект резюмені, оның ішінде жұмыс тәжірибесін, білім деңгейін, дағдыларын зерттей отырып, сол кісіге қысқамерзімді курстар ұсынады. Мысалы кассир болып жұмыс істейтін адамның резюмесін ескере отырып, бухгалтер көмекшесінің деңгейіне жету үшін шектеулі курстардан өтуді ұсына алады, сөйтіп ол адам жұмысқа орналаса алады, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің басқарма басшысы Шалқар Оразбеков.
Жасанды интеллект қазір медицина мен білім саласына да еніп келеді. Сарапшылар 2030 жылға қарай 5 салада кей қызмет автоматтандырылады дейді. Ауыл шаруашылығына қорап ораушылар, құрылыста шыны кесушілер, машина жасауда қоймашылар қажет болмайды. Мұнай-газ өндірісінде операторлар пилотсыз дрондарға ауыстырылады. Киберқауіпсіздік маманы Серікжан Рамазановтың айтуынша, жасанды интеллектінің әсерінен жұмыссыз қаламын деген үрейдің реті жоқ.
- Соны үйрететін адамдар мамандар пайда болып жатыр, курстар шығып жатыр, материалдар пайда болып жатыр. Жасанды интеллектімен жұмыс істеудің киберқауіпсіздігін сақтау үшін қамтамасыз ететін мамандар, оның этикалық жағын қарастыратын мамандар керек. Көптеген жаңа жұмыс түрі пайда болып жатыр, - деді киберқауіпсіздік маманы, сарапшы Серікжан Рамазанов.
Жасанды интеллект шекараны білмейді. Оның көмегімен тіпті әйгілі тұлғаның образын таңдап, бет-әлпетіңізді де қалауыңызша өзгерте аласыз. Алайда мамандар біз оны ортақ бір құрылымға келтіріп, зиянынан гөрі пайдасын көбірек ала білуіміз керек дейді.
Оқи отырыңыз: Түркістанда базарлардан кітапхана ашу жобасы қолға алынды