8 ай өткеннен кейін шыққан тізімде 238 адамның тегі бар
ҚР Бас прокуратурасы Қаңтар оқиғасында қаза тапқан тұлғалардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
8 ай өткеннен кейін шыққан тізімде 238 адамның тегі бар. Алайда көз жұмғандардың жасы жазылмаған екен. Сондай-ақ, нақты кімнің қылмыскер немесе бейбіт тұрғын екені көрсетілмеген. Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген бас прокуратура өкілдері қаңтар қырғыны кезінде қолды болған қарулардың үштен бірі табылды деді. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 1259 табельдік қару ұрланған. Әсіресе, Алматы облыстық полиция департаментінде 53 автомат, 367 пистолет, бір гранатамет және 20 мыңнан астам оқ-дәрі қолды болыпты.
«Ұдайы қару-жарақ қоймалары табылып, оларға қатысы бар адамдар анықталып жатыр. Қазіргі уақытта 481 бірлік қару табылды. Бұл барлық ұрланған қарудың үштен бірі. Қалғандары қылмыскерлердің қолында. Қылмыскерлер негізінде тұрғын үй ауласында тығылып, кенеттен қарулы шабуыл жасағанын атап өткен жөн», – деді ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.