Қызылордалықтар ретро көліктерді тамашалады

Almaty.tv
Almaty.tv
Әлемді аралаған іс-шара Франция астанасы Парижде 23 маусымда аяқталмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін қызылордалықтар ретро көліктерді тамашалады. Көптің көзайымына айналған классикалық үлгідегі 70-ке тарта автомобиль «Пекин-Париж» ретро-раллиі аясында Қызылордаға табан тіреген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жұрт ерекше ықыласпен қараған көліктердің ең ескісі – 110 жыл бұрын жасалған American LaFrance. Айта кетейік, 18 мамырда Бейжіңнен бастау алған автокөліктер шеруі Үрімші арқылы Алматыға келген. Аталған іс-шарада 1914-1976 жылдары шығарылған, бағасы миллион долларға дейін жететін темір тұлпарлар бар.

– Көлігім 1968 жылы шығарылған, раллиге қатысу үшін арнайы дайындалған. Оның бөлшектері де мұндай іс-шараларға икемделіп жасалынды. Бүгін – Қазақстандағы үшінші күн. Қытайдан кейін мұндағы ауа райы мүлдем басқа. Бұл елге ғашық болдық және алдағы уақытта демалуға келуді жоспарлап отырмыз, – деді қатысушы.

– 1961 жылғы Шевроле, көлігімнің аты – Элеанор. Ол бірнеше мәрте раллиге қатысқан. Көлік 53 жыл бұрын шығарылған. Көне болғанымен, сапасы тамаша және сыртқы келбеті де ерекше. Біз көлікті бір рет сатып, раллиге қатысу үшін қайта іздеп таптық. Демек, бұл – тағдыр! – деді қатысушы.

Халықаралық ралли қатарындағы ретро көліктердің иелері жер жаһанның 22 мемлекетінен жиналған. Қатысушылардың жалпы саны 300-ге жуықтайды. Шеру Ақтауға бағыт алды, ары қарай Каспий теңізі арқылы Бакуге жетіп, Еуропаға табан тірейді. Яғни, 15 мың шақырымға жуық қашықтықты еңсереді. Әлемді аралаған іс-шара Франция астанасы Парижде 23 маусымда аяқталмақ.

Оқи отырыңыз: Қазақстан алғаш рет баскетболдан элиталық турнирге қатысады

Новости партнеров