Ал, балаға қол көтерген тәрбиеші кеше 3 мамыр күні жұмыстан шығарылған болатын.
Алматыда Алатау ауданындағы №37 балабақшаның меңгерушісі қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Меңгерушіні қызметінен босату туралы бұйрық бүгін, 4 мамырда шықты.
«2019 жылдың 2 мамырында І кіші топтағы тәрбиеші құқық бұзушылық жасады. Баласының денесі көгергенін байқаған анасы 3 мамырда балабақшаның меңгерушісіне хабарласқан. Содан олар 2 мамырдағы жазбаны қарап шықты. Тәрбиешінің баланы ұрып-соққаны анықталды», - деген еді білім басқармадағылар.
Мұның алдында баланы ұрып-соққан тәрбиешінің жұмыстан шығарылғаны хабарланған болатын.
«Тәрбиеші 3 мамырда жұмыстан шығарылды. Мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісіне балабақшадағы бақылаудың нашарлағаны үшін сөгіс жарияланды. Алматы қалалық білім басқармасы мекеменің жұмысын қатаң бақылауға алды», - деп хабарлаған еді БҒМ өкілдері.
Еске салайық, Желіде тәрбиешілердің балаларды ұрып-соққаны түсірілген видеоның таралғаны хабарланған болатын. Онда тәрбиешінің баланың қасына барып, өзіне қарай итеріп, басқа бөлмеге алып бара жатқаны көрінеді. Кейінірек ол бөлмеге тағы бір баланы алып кеткені көрінеді.