«Қазақстан темір жолы» қызметкерлері әскерилер үшін қан тапсырды

11.01.2022 22:32

Бүгінде қан құю бекеттеріне келіп, қан тапсыруға ниет білдірушілер қатары көбейіп келеді

Almaty.tv

Елімізде орын алған тәртіпсіздіктен зардап шеккен әскерилер үшін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының 370-тен аса қызметкері қан тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үш күн бойы жалғасып жатқан науқанға өз бастамаларымен алматылық бөлімшенің 100-ге жуық жұмысшысы да қатысып, Отанын қорғаған сарбаздарға барынша көмек көрсетуде.

Еске сала кетсек, бұған дейін атыраулық теміржолшылар алғашқы донорлар болған еді. Игі акцияны басқа аймақтардағы компания қызметкерлері де қолдай кетті. Бүгінде қан құю бекеттеріне келіп, қан тапсыруға ниет білдірушілер қатары көбейіп келеді.  

«Кешегі болған жағдайдан кейін мен өз еркіммен келіп, қан тапсырып жатқан жағдайым бар. Енді бауырларымызға біздің қанымыз керек болып жатқан шығар. Енді мұндай жағдай қайталанбасын. Заманымыз тыныш болсын», – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Алматы бөлімшесінің қызметкері Бақытжан Орманұлы.