Қарияның 3 мың доллары және 480 мың теңгесі қолды болған
2 мамыр күні соғыс ардагері алматылық Василий Кокаревті аудандық әкімшіліктен келдік деп алдаған екі әйел қарияның 3 мың долларын және 480 мың теңгесін ұрлап кеткен болатын. Содан бері 4 күн уақыт өтсе де күдіктілер ұсталған жоқ, тек қарияның құжаттары ғана табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өздерін Алмалы ауданы әкімішілігінің қызметкерлеріміз деп таныстырған олар қарияның жалғыздығын пайдаланып үйге кіріп, сұрақтың астына алады. Тегін дәрі-дәрмек беріле ме, учаскелік полиция келіп тұра ма деген секілді сауалдар қарияға қамқорлық секілді көрінген. Осылайша, қос келіншектің бірі ардагерді алдандырып отырса, екіншісі дәретханаға кіріп-шығайын деген желеумен үйді тінтіп шыққан. Әйтсе де, әжетханада ұзақ бөгелген келіншек қарияның көңіліне күдік келтіреді.
«Мен дереу асүйден шығып едім, ол әжетханада емес, қонақ бөлмесінде тұр екен. Мені көрді де, екеуі бірден орындарынан тұрып, «9 мамыр күні түскі сағат 3-те үйде болыңыз, мектеп оқушылары мерекемен құттықтауға келеді» деп үйден шыға жөнелді. Кешкісін қызым жұмыстан келгенде ғана үйдің тоналғанын білдік. Әлгілердің әрекетінен есеңгіреп қалдым», – дейді ҰОС ардагері Василий КОКАРЕВ.
Оқиғадан бір күн өткен соң, полиция қызметкері қарияның қызы Ольга Соловьеваға хабарласып, құжаттарын тауып алғанын айтқан.
«Құжаттарды алуға бардым. Шынымен де менің төлқұжатым болып шықты. Одан басқа да құжаттарымның көшірмесі жатыр. Содан кейін үйге келіп, ақша тұрған жерді қарасам, 3 мың доллар және 480 мың теңге жоқ. Бұл қаражатты біз мереке қарсаңында сыйлық пен дастархан жаюға деп сақтап отырған едік. Әрине, сол кезде полиция шақырып, бәрін айттық. Бір ғана өтініш, егде жастағы адамдар бөтен кісілерді үйлеріне кіргізбесе екен», – дейді Ольга СОЛОВЬЕВА.
Жыл сайын 9 мамыр қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бір реттік әлеуметтік көмек беріліп келеді. Алайда, қаржылай көмек беретін әкімшілік қызқметкерлері қариялардың үйлеріне барып, қандай да бір сауалнама жүргізбейді дейді мамандар. Тіпті, оған ешқандай құжат та қажет емес дейді олар.
«Қазіргі таңда 268-ге жуық ҰОС ардагері мен мүгедектері аталған көмекті алды. Олардан ешқандай құжат талап етілмейді. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық берген тізімге сәйкес төленеді», – дейді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бас маманы Рүстем ИСМАЙЫЛОВ.
Үйіне ұры түскен ардагер Василий Кокарев те бұл бір реттік әлеуметтік көмекті алған екен. Алайда, ол алаяқтардың қолды қылған қаражатының ішінде кеткен. Осы оқиғадан зардап шеккен ардагер қария өзі секілді қарттарды абай болуға шақырады.
Әйкерім Ердәулетқызы, Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы