Биыл өмірге келген 343 балаға Қасым есімі берілген
Қасым, Жомарт және Кемел үйлеріне шықты. Астанада екі ай бұрын өмірге келген үшем отбасымен қауышты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қасым, Жомарт, Кемел - Байназаровтар отбасының көптен күткен қуанышы, Сәбит пен Маралдың тұңғыштары. Жас отбасы бұл бақытты 4 жыл күтіпті. Енді міне 3 бірдей ұлдың ата-анасы атанып отыр.
"Өте ерекше сезімде болдым. Өйткені, біз балаларды үш жыл күттік. Алладан осы балаларды күні-түні сұрадық, тіледік. Аллаға шүкір, осындай үшем берді. Үшеуі де ұл. Қазіргі таңда денсаулықтары жақсы", - деді үшемнің анасы Марал Соппек.
Үшем әрқайсысы шамамен 1000 гр салмақпен мерзімінен бұрын туылған. 17 Қыркүйек таңғы сағат 4:00 шамасында дүние есігін ашты. Алғаш сүйіншілеген жаңалықты естігенде ата-әжесі есім іздеп әуре болмапты. Өзі егіздің сыңары болған атасы бірден Қасым, Жомарт, Кемел болсын деп ат қойған.
"Менің жолдасым, осы үшемнің атасы Асан Байназаров балаларға Қасым, Жомарт, Кемел деп есім қойды. Немерелерімнің жағдайы өте жақсы. Осы үшем немереміз өзінің атына сай осы ел басқаратын дәл президенттей болмаса да, ел үшін қызмет ететін жігіт болсын. Батыр болсын", - деді үшемнің әжесі Нұрсәлима Байназарова.
Елімізде биыл өмірге келген 343 балаға Қасым есімі берілген. Тағы 154 ұл Жомарт атын еншілеген. Статистикаға жүгінсек, биыл қазақстандықтар арасында ең танымал есімдер - Әлихан, Рамазан, Айсұлтан болса, қыздар арасында - Айша, Ажар, Әмина.
"Қазіргі таңда ұлдарға қойылып жатқан ең танымал есімдер - Әлихан, Айсұлтан. Биыл 2200-ден астам ата-ана балаларын осылай атапты. Ал, қыздарға - Айша, Әмина. Биыл 3000-нан астам сәбиге осы есім қойылған. Бір айта кететін қазір ұл-қыздарына атау беру кезінде тарихи есімдерге, батырлар есіміне көп мән беріліп жатыр", - дейді Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы Рүстембек Есімов.
Қасым, Жомарт, Кемел - Астанада туған төртінші үшем. Бұған дейін Ақтөбеде дүниеге келген егіз сәбиге тап осындай есім берілген еді.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, "Алматы" телеарнасы, Астана