Дөңгелек үстелдің мақсаты – жанұядағы буллингке қатысты мәселелерді талқылап, шешімін табу
Бүгін Алматыда бала тәрбиесі мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты дөңгелек үстел өтті. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, депутаттар, психологтар мен заңгерлер қатысып, өз ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауқымды жиынның басты мақсаты – жанұядағы буллингке қатысты мәселелерді талқылап, шешімін табу.
«Отбасындағы зорлық-зомбылық және кибербуллингке байланысты заң жобалары – қоғам аузында жүрген ең өзекті мәселелердің бірі. Әлі де талқыланып жатыр. Сенатқа ол туралы заң әлі келген жоқ. Әлі талқыланатын мәселе», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт.
Бүгінде аталмыш бірлестіктің елімізде 10 филиалы бар. Ұйымдастырушылардың ендігі мақсаты – осындай орталықтар санын 20-ға жеткізу.
«Бұл бірлестіктің миссиясы – қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастырып, отбасы құндылықтарын насихаттау. Және бала тәрбиесі мен құқығы, денсаулығы және қауіпсіздігі», - деді «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақымбек Жолаев.