Ауру болатын болдық: Жетісу облысының тұрғындары мал жүрген жерден су алуға мәжбүр

01.03.2024 23:00

Ашынған ел адам сияқты өмір сүруден басқа талабымыз жоқ дегенді айтады

Almaty.tv

«Арықтағы суды ішіп, ауру болатын болдық». Бұл Жетісу облысы Қоңыр елдімекені тұрғындарының шағымы. Мал жүрген жерден су алуға мәжбүр болған ауыл халқы жергілікті шенеуніктердің әрекетсіздігіне қапалы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бақытбала Жақыпбекова 83 жаста. Бүгінде ұлымен бірге Алакөл ауданына қарасты, Қоңыр ауылында тұрады. Оның да өзге ауылдастары секілді үйдің маңындағы арықтан су тасып жүргеніне 50 жылдай болыпты. «Бұрын аса білінбейтін, жасым ұлғайған сайын қиын. Шелек арқалап, жоғары көтерілу оңай емес» дейді кейуана.

«Су да жоқ, жол да жоқ. Суды 2 километр жерден алып келеміз», – деді Қоңыр ауылының тұрғыны Бақытбала Жақыпбекова.

750-ге жуық халқы бар Қоңыр ауылында ауыз судан бөлек, жарық пен интернет те жоқ. Салдарынан, халықтың дені көшіп кетіпті. Өйткені, ел қатарлы өмір сүруге қажетті жағдай жасалмаған. «Құдды бір өткен ғасырда қалып кеткендейміз» дейді қараша.

«Амал жоқ, суды арықтан аламыз. Жазда тіпті, бау-бақшаны зорға суарамыз. Кейбірі мектептен су тартып алған. Енді оған бірінің шамасы келсе, бірінікі келмейді ғой. Машинамен барғанның өзінде, келесі ауылдың арасы 20 минут. Сол жақтан тасып әкеледі. Көлігі жоқтар кәдімгі арықтан ағып жатқан суды алуға мәжбүрміз», – деді Қоңыр ауылының тұрғыны Элеонара Юсупова.

«Жарық, интернет мәселесі тағы бар. Қаладағылармен байланысу мүмкін емес. Күн батса, қараңғы түнекке енеміз. Бұлар жарайды, жанымызға бататыны - ауыз су», – деді  Қоңыр ауылының тұрғыны Елена Зенкина.

Қоңырлықтар мән-жайды айтып әкімдікке талай шағымданған. Дегенмен баяғы жартас – сол жартас. Ел сөзін естіртуге барып едік, ауылдық округтің басшысы ауызсудың нақты қашан жеткізілетіндігіне жауап бере алмады.

«Ауызсу мәселесіне келетін болсақ, өткен жылы осы ауылға су тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалып, облыстық әкімдікке бюджеттік өтінім берген болатынбыз. Қаражат бөліне сала, ауыз су жүргізіледі деген ойдамыз», – деді Қоңыр ауылдық округінің әкімі Елес Жапарғалиев.

Жұрт сөзіне сеніп, ісіне демеу болып отырғанда атқамінер де ел секілді тек үмітті екенін айтып ақталды. Мәселені шешу үшін әзірге облысқа өтінім берілген. Нақты жауап пен әрекеттің қашан болатыны белгісіз. Ал жергілікті билік шешім қабылдап, істі жүзеге асырып үлгергенше азаматтардың ауыз сусыз отыруы керек боп тұр. Ашынған ел адам сияқты өмір сүруден басқа талабымыз жоқ дегенді айтады.

Диана Тұрлыбек, Мирас Анитов «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Еліміздің 5 өңірінде «Әділдік және өркендеу» қоры ашылды