Ақтөбеліктер екі аптадан бері қарғын сумен арпалысып жатыр. Бұған дейін Қобда, Ойыл ауданында 100-ден аса үй суға кеткен болатын. Ал өткен түнде Қарғалы өзені арнасынан асып, Ақтөбе қаласындағы 30 баспана су ортасында қалды. Тұрғындар жедел түрде эвакуацияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қарғалы» бау-бақша ұжымы деп аталатын бұл елдімекеннің тұрғындары кешелі бері әуре-сарсаңға түскен. Өзен жағалауы топырақпен бекітілгенімен, оны қатты ағыс лезде бұзып өтіпті. Төмен орналасқан үйлер бірден су ортасында қалды. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік дер кезінде әрекет еткенде, тасқынның алдын алуға болатын еді.
«Құм салып еді, көмегі тие қоймады. Су шайып кетті», – деді қала тұрғыны Ахметжан Жұбаев
«Қыста мұзды аз мөлшерде ойып, жазда суды біртіндеп жіберетін. Соңғы рет 2017 жылы су шайып кетіп еді. Биыл қайталанып отыр», – деді қала тұрғыны Мейрамбек Кенжеғұлов.
Елдімекеннен көшірілген адамдар қаладағы спорт мектептерінің біріне орналастырылды. Айтуларынша, үйлері 2017 жылы да дәл осылай суға кеткен. Ол кезде қала билігі зардап шеккендерге қауіпсіз ауданнан жер телімі беріледі деп уәде еткен. Алайда тұрғындар уәде сол күйі орындалмағанына наразы.
«Алты жыл болды, жылда көтеріледі. Көтерілген сайын осылай эвакуациямен шаршаймыз. Халық бәрі үрейленеді. Нақты қазір 30 үйдің 24-і суға кетіп тұр. 24 отбасы қайда барады?» – деді қала тұрғыны Шынаргүл Ақбалиева.
Бұл бау-бақша ұжымы болғанымен, баспананың көбінің құжаты бар. Қазір мұнда Төтенше жағдайлар департаменті мен қаланың коммуналдық мекемелерінің мамандары жүр. Әзірге сау тұрған үйлердің айналасы құм толы қапшықтармен қоршалып жатыр. Бұл жұмысқа сарбаздар тартылған. Дегенмен су деңгейінің тағы көтерілгені байқалады. Енді өзенге жақын басқа елдімекендерге де қауіп төнуі мүмкін.
«Су келген жағдайда басқа бау-бақша ұжымына жедел шараларды қабылдайтын боламыз. Комиссия құрып, зардап шеккен үйлерді анықтаймыз», – деді Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков.
Қазір мамандар судың деңгейін бақылап, төмен орналасқан аумақтарға инертті материалдар жеткізіп жатыр. Бау-бақша ұжымдары ауданындағы Қарғалы өзеніндегі су біршама төмендеген. Елдімекеннен барлығы 116 адам, оның ішінде 48 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастырды. Су басқан учаскелерде төтеншеліктердің күшімен тәулік бойы мониторинг жүргізу үшін гидробекеттер орнатылды.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысы