Алматыда автобус жүргізушілеріне жаңа үлгідегі форма берілді

Алматыда автобус жүргізушілеріне жаңа үлгідегі форма берілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 400-ге жуық автобус жүргізушісіне жаңа үлгідегі форма берілді. Қоғамдық көлік тізгіншілеріне таратылған жаңа көк түсті экипировка жылдың төрт мезгіліне сай тігілген. Яғни, жүргізушілер қыста қалың әрі жылы күртеше кисе, жазда жеңіл футболкамен жүреді.

Бастапқыда дизайнерлер қоғамдық көлік жүргізушілеріне мынадай ашық, көгілдір түсті форма ұсынған екен. Алайда, автобус жүргізушілерінің дені егде жаста болғандықтан, бұл түстік гамманы ұнатпай бас тартқан. Сондықтан дизайнерлер автобус жүргізушілерінің киімін классикалық үлгіде таңдап, түсін қою көк түсті етіп жасаған.

Бұдан былай Алматының барша қоғамдық көлік жүргізушілері көк түсті форма киіп, жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жазда оларға футболка мен кепка жарасымды болса, көктем-күзде жылы жилет ыңғайлы болмақ. Ал қыс мезгіліне арналып мақтадан тоқылған жемпір мен шалбар тігілген. Сондай-ақ, желден қорғап, су өткізбейтін күрте беріліпті.

«Киімдер жинағының ішінде қыстық күрте қарастырылған. Үш қабатты синтепоннан тігілген бұл киім қақаған аязда өте жылы және қозғалыс кезінде жүргізушіге кедергі келтірмейді. Ішінен мақтадан тігілген жемпір киеді», – дейді тігін фабрикасының директоры Арман ЖЫЛҚЫБАЕВ.

Жаңа форманы әзірлеу қазақстандық тігін фабрикасына тапсырылған. Тігіншілер қазір күн-түн демей, автобус жүргізушілерінің киімдерін дайындап жатыр. Олар алғаш болып тапсырыс берген автопарктерге 400 жүргізушінің формасын бірер күнде өткізуі тиіс. Комплекттегі әр киімде Алматы қаласының логотипі бейнеленген. Ал мыжылмайтын төзімді матасы шетелден жеткізіліпті. Жаңа форманы қазірдің өзінде қаладағы бірқатар автобус жүргізушілері киіп үлгерген. 35 жылдан бері қоғамдық көлік тізгіндеп келе жатқан Нұрдәулет Түндебав бұрын-соңды мұндай ыңғайлы форма кимегенін айтады.

«Мұндай киім бұрын-соңды киген жоқпыз. Қысқы киіміміз өте ыңғайлы, жылы. Жазда жаздық киімдерін береді. Рөлде отырғанда да ыңғайлы киіміміз. Біртүсті киіммен жүрген біздің өзімізге де ыңғайлы, әдемі көрінеді», – дейді қоғамдық көлік жүргізушісі Нұрдәулет ТҮНДЕБАЕВ.

Жүргізушілер жаңа экипировканың ыңғайлы әрі сапалы екеніне дән риза. Ең бастысы, қозғалысқа кедергі келтірмейтінін алға тартуда. Айта кетсек, оларға бірыңғай үлгіде киім беру туралы шешім арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесінде қабылданған. Сауалнамада тізгіншілердің дені өздерінің қазіргі киімдері ыңғайсыз екенін айтып, синтетика емес, мақтадан тігілген киім сұраған.

«Қазір 400 жүргізушіге арнап киім тіктік. Алматы қаласында жалпы саны 2900 қоғамдық көлік жүргізушісі қызмет етеді. Олардың барлығын алдағы 2 айда жаңа формамен қамтамасыз етеміз», – деді Алматы қаласы Тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Дана АХАТОВА.

Бір жүргізушінің киімдер жинағы 37 мың теңге тұрады. Форма жүргізушілерге тегін беріледі, ақысын әр автопарк өз мойнына алады.


Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров