Атырауда барлық мектеп онлайн форматқа көшті
Атырауда Жайық өзенінің су деңгейі қауіпті межеге жетті. Қазір аймақта жағаны бекіту сынды қауіпсіздік жұмыстары күшейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Батыс Қазақстаннан Атырауға келген қарғын судың көлемі күн сайын ұлғайып, бүгін Жайықтың деңгейі 493 сантиметрге жетті. Қазір аймақта жаға бекіту жұмыстары аса қарқынды жүріп жатыр. Күштік құрылымдар мен бас-аяғы мыңнан аса сарбаздан бөлек, аталған жұмыстарға еріктілер мен аудан азаматтары атсалысқан. Бір ғана Махамбет ауданында халықты эвакуациялау үшін 22 пункт дайындалды. Ал Сарайшық ауылындағы құтқару бекеті мектеп базасынан ашылған.
Айта кетейік, қазір айтып келмес апат жағдайына байланысты барлық мектеп онлайн форматқа көшті.
– Халықты эвакуациялау кезінде біздің пункт 250-ден 300 адамға дейін қабылдай алады. Қорда қажетті заттар, су, дәрі-дәрмектер мен жеке күтім құралдары бар, – деді Қ. Қарашаұлы атындағы орта мектептің директоры Дания Сабырова.
Ал Индер ауданында қауіпті аймақтардан төрт-түлік көшіріліп жатыр. Жергілікті ауылшаруашылығы бөлімі берген ақпарға сүйенсек, 25 мың малды құтқару көзделген. Аталған түліктер Жайық жағалауында орналасқан 35 шаруа қожалығына тиесілі.
– 10 сәуірге дейін су тасқыны қаупі бар. Тұрғындарға қауіпсіз аймаққа көшіру керек екенін ескерттік. Әр округтерден 25 орын дайындап қойып отырмыз. Қазір 1500 бас мал көшірілді, 24-25 мың бас малды қайіпсіз жерге көшіруді жоспарлап отырмыз. Халықтың өзі де, шаруа қожалықтары да су келген уақытта шығатынын айтып, келісіп отыр, – деді Индер ауданы ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов.
Қазір аймақта су тасқынының алдын алу үшін бар жағдай жасалып жатыр. Қауіпті саналған 5 елдімекенде өзен арнасын бекіту аяқталды. Ал облыс бойынша 22 мыңнан аса эвакуациялық пункт дайын тұр.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжиев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Қостанай облысындағы суғару жүйесі істен шықты