Еліміздің 27 қаласында кәріздік тазарту ғимараты жоқ

27.12.2022 23:44

Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алмақшы

Almaty.tv

Еліміздің 27 қаласында кәріздік тазарту ғимараты атымен жоқ. Ал барларының өзінің жағдайы сын көтермейді. 41 қаладағы жұмыс істеп тұрған мұндай нысанның 90 пайыздан астамы жарамсыз болып қалған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеңестік кезеңнен бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген ғимарат Көкшетау, Семей, Қонаев, Арқалықта екен. Оларды алдағы 5 жылда толық жаңғыртудан өткізу көзделіп отыр.

Әбден тозығы жетіп, қолданыстан шығып қалған кәріз тазарту жүйесі Қонаев қаласында да бар. Ұзындығы 172 шақырым желінің 80%-ы тозған. Аймақ басшысы жаңа құрылған облыс орталығындағы бұл түйткілді шешу үшін кемі 5 жыл керегін айтты. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Алматы облысының әкімі кәріз жүйелерінің жай-күйі көңіл көншітпейтінін жеткізді.

«Бұл мәселені шешу үшін қаржыландырудың баламалы көздері талданды. Оның ішінде еуропалық қайта құру және ДБ немесе АДБ халықаралық қаржы ұйымдары арқылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік тетігі шеңберінде іске асырылады», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жалпы елдегі 68 қалада кәріз тазарту жүйелерін салып, жаңғырту қажет. Ол үшін Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алмақшы. «Ол қаражат алдағы 5 жылда республикадағы ескірген нысандарды қайта қалпына келтіруге жұмсалады» деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі. Қайырбек Өскенбаев аталған бағыттағы жұмыстар қазір Сарыағаш, Атырау және Форт-Шевченко қалаларында басталғанын айтты. Ал келесі жылы Ақтау, Ленгер және Шымкентте тағы 3 жоба қолға алынбақ.

«Министрлік осы бағытта қаржыландырудың екі тәсілін пысықтады. Біріншіден, мемлекеттік кепілдікті ұсына отырып, халықаралық қаржы ұйымдарының зайым тарту. Аталған тәсілді халқы 45 мыңнан асатын 26 ірі қалада жүзеге асыру көзделген. Екіншіден, республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асыру. Осы тәсіл халық саны 45 мыңнан аспайтын 36 шағын қалада жүзеге асырылатын болады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, халық саны 45 мыңнан аспайтын 36 шағын қаладағы жобалар республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылады. Жоспарлы іске қаржыландырудың екі тетігі қарастырылып отыр.

«Индустрия министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, бір ай мерзімде әрбір жобаны іске асыру кестесін бекіту және олардың орындалу барысы туралы үкіметке тоқсан сайын хабарлап тұрсын. Өңір әкімдері кәріз тазарту құрылыстарының жобасын уақытылы іске асыру үшін қажетті техникалық құжатты жедел әзірлеп,  бекіту керек», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов

Елде сарқынды сулардың көлемі де жыл сайын көбейіп келеді. Тиісінше, оларды тазарту қиындап барады. Осыған байланысты Әлихан Смайылов жауапты министрлікке бір ай уақыт берді. Әрбір жобаны іске асыру кестесін бекітіп, нақты жұмыс жоспарын құруды тапсырды.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы