Өмірімізге қауіп төніп тұр: атыраулықтар 5 жылдан бері үреймен өмір сүруге мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Ескірген жарық бағаналары апатты күйде тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда бүтіндей бір ықшамаудан тұрғындары айдың күннің аманында қорқынышпен өмір сүруге мәжбүр. Себебі әбден ескірген жарық бағаналары апатты күйде тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


2018 жылдан бері үреймен өмір сүріп келе жатқан самалдықтар бүгін бас көтерді. Олардың айтуынша, жарық бағаналарының тоз-тозы шыққан, апатты күйде. Салдарынан бірнеше рет оқыс жағдай да болыпты. «Өмірімізге қауіп төніп тұр деген жұрт» жауаптылардан мәселенің тез арада шешілуін талап етті.

– Бағана үстімізге құласа, кім жауап береді? Әкімдік жауап бермейді ғой, біз зардап шегеміз. Ешқандай нәтиже жоқ, – деді қала тұрғыны Тоғжан Досжанова.

– Бағана құласа, үйлерге де зақым келеді. Өте қорқынышты күйде тұр. Үреймен өмір сүріп отырымыз. Әкімдікке бардық, хаттама жаздық, нәтиже жоқ, – деді қала тұрғыны Жаңабай Тәжіғалиев.

Аудан тұрғындарын жол мен бұралқы иттер мәселесі де алаңдатып отыр.

– Жылда мәселені айтамыз, былтыр да жол, жарық және қаңғыған ит жөнінде әкімдік өкілдеріне айттық. Талап орындалмайды. Адам құрлы көрмейді, – деді қала тұрғыны Иван Иманқұлов.

Шағым айтқан халықты сабырға шақыру үшін қалалық құрылыс бөлімінің мамандары да келді. Олардың айтуынша, келіссөз жүргізіліп, қаржы бөлу жағы қарастырылып жатыр. Жыл соңына дейін барлық ескірген бағананы ауыстырып беруге уәде етті.

– Самал шағынауданында 2016-2018 жылдар аралығында инфрақұрылым жүргізілді. Ал 2020 жылы бағаналардың жарылғаны анықталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген Атырау көлік мекемесі мен құрылыс бөлімінің арасында экономикалық сот болды. Соттан біздер жеңдік, сосын 200 бағанына ауыстырдық. Қазіргі таңда бюджет тарапынан ақша сұратылды. Ақша бөлінген соң, барлығы ауыстырылады. Биыл жұмысты аяқтаймыз, – деді қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Абылай  Ғұмаров

Тұрғындар талабымыз орындалғанша тынбаймыз, егер бұл жолы берілген уәде орындалмаса, мәселені облыс әкіміне дейін жеткіземіз деп тарқасты.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Новости партнеров