Елімізде әлеуметтік азық-түлік бағасын негізсіз көтеретіндер азаймай тұр

13.05.2022 01:39

Республика бойынша үй маңындағы дүкендердің 33 мыңнан астамы тексерілген

Almaty.tv

Елімізде әлеуметтік азық-түлік бағасын негізсіз көтеретіндер азаймай тұр. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында оның құны 30 пайызға дейін шарықтап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Инвестицияларды басқару және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мамандары тексеріс кезінде сатушылардың амал-айласын тауып сытылып кететінін айтады. Әлеуметтік азық-түлік бағасының қымбаттап кеткенін Үкімет мойындап отыр. Премьер-министр Әлихан Смайылов жауапты министрлер мен әкімдерді жинап, сауда үстемесін бақылауға алып, назарда ұстауды жүктеді. Президент тапсырмасына сәйкес, 15 пайыздан артық үстеме қосылмауы тиіс. Алайда түсірілім барысында бұл меже сақталмайтынын аңғардық. Яғни, Нұр-Сұлтан әкімдігі әлеуметтік азық-түлікке бекіткен баға базардағы бағамен сәйкес келмейді. Мысалы, қаптамадағы 2 келі ұн елордада 263 теңге болуы керек. Бірақ шарлап жүріп, сөрелерден мұндай бағадағы ұнды таппадық. Ұнның ең арзаны - 541 теңге деп тұр. Ал қарақұмық жармасы орташа есеппен 369 теңге деп бекітілсе, оны дүкендерде 520 теңгеден саудалап жатыр.

ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ҚҰНЫ, ТГ

  • Ұн 263  - 541
  • Қарақұмық жармасы  369 -520
  • Жұмыртқа 481 - 600
  • Картоп  197 - 291
  • Сәбіз   192 - 217
  • Пияз    179 - 226
  • Қант 451 - 465
  • Күріш 269 -  320

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, дүкен қожайындарының азық-түлік бағасын айла-амалмен заңсыз қымбаттатып қоятынын айтады. Дүкендердегі азық-түлік бағасының әртүрлі болу себебі көп жағдайда өнім жеткізушілерге байланысты екен. Олардың айтуынша, егер олар бағаны көтермелеп сататын болса, арыз жазып, шағым айтуға дүкен иелерінің құқы бар.

«Біз Президенттің жарлығынан кейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұруға тырысып жатырмыз. Алайда көп дүкен иелері, сатушылар азық-түлік бағасына 15 пайыз ғана қосуды сұрап отыр деп ойлайды. Ал тапсырма бойынша біз тек әлеуметтік азық-түлік бағасына кіретін 19 өнімге ғана 15 пайыздан артық қоймаңыздар деп айтамыз», – деді Инвестицияларды басқару және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бөлімінің маманы Бексұлтан Сайділла.

Сауда комитетінің мәліметіне сүйенсек, Республика бойынша өткен аптада рейдтік іс-шаралар кезінде үй маңындағы дүкендердің 33 мыңнан астамы тексерілген. 424 жағдайы анықталған. Сатушылар әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің сауда үстемесін 15 пайыздан көтеріп жіберген. Егер бағаны негізсіз көтерген жағдай қайталанса, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - 10, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - 75, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 300 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы