Еңбек өтілі 5 жылға қысқаруы мүмкін: Қазақстанда базалық зейнетақы көлемі 16 пайызға өседі

13.10.2021 22:38

Кәсіпкерлер 2023 жылдан бастап жұмысшыларына 5 пайыз төлем аударуына міндеттеледі

Фото: elements.envato.com

Елімізде базалық зейнетақы көлемі 16 пайызға өседі. Сондай-ақ жаңа реформа аясында зейнеткерлердің еңбек өтілін 5 жылға қысқарту қарастырылған. Ал кәсіпкерлер 2023 жылдан бастап жұмысшыларына 5 пайыз төлем аударуына міндеттеледі. Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесіне осы сияқты бірқатар өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Реформадағы алғашқы қарастырылатын мәселе базалық зейнетақыны кепілдендірілген жүйеге ауыстыру болып отыр. Зейнетақының бұл түріне көшкен кезде зейнеткерлер алатын ақшаның базалық көлемі 16 пайызға өседі. Яғни қазір ең төменгі зейнетақы 18 мың теңге болса, кейін бұл 24 мыңға дейін көбейеді.

«Ең төменгі базалық зейнетақы бізде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайтын болса, өзгерістерден кейін төменгі күнкөріс 70 пайызға дейін өсетін болады. Яғни, бұл ең төменгі өлшемді есептегенде 16 пайыздық өсімді әкелетін болады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшысы Айгүл Сакеева.

Бүгінде жоғары базалық зейнетақыны жұмыс өтілі 10 жылдан асқан адамдар алады. Ал жаңа өзгерістер аясында бұл уақыт 5 жылға қысқарады.

«Еңбек өтілі жоқ немесе жұмыс өтілі 5 жылдан аз зейнеткерлер де 70 пайыздық деңгейде зейнетақы алады. Ал тәжірибесі 5 жылдан асса, әр жылына берілетін төлем көлемі 2 пайызға өсіп отырады», – деді Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегай.

Қазір еңбек өтілі жоғары болса да базалық төлемді ұлғайту мүмкін емес. Сондықтан ведомство кепілдендірілген зейнетақының максималды лимитін алып тастауды жоспарлап отыр. Демек, тәжірибесі көп зейнеткер сәйкесінше жоғары зейнетақы ала алады. Бұдан бөлек, 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер зейнетақы қорына 5 пайыз жарна аударуға міндеттеледі және төлемдер кәсіпкерлердің өз қаражатынан жүргізілмек. Бұл зейнеткерлерге тиімді болғанымен, біз үшін тағы соққы болады дейді бизнес өкілдері.

«Пандемия басталғалы бері енді аяққа тұрып келе жатқан кезде жығылғанға жұдырық болып тұр. Бұл 5 пайыз қазір бізге ауыр. Себебі қазір жұмыскерлерге төленетін 5 пайызды бізге міндеттейтін болса, біз өз тарапымыздан жұмысшылардың санын қысқартуға мәжбүр боламыз», – дейді кәсіпкер Ажар Фатхулла.

Сондай-ақ зейнетақы аннуитеті бұрынғыға қарағанда қолжетімді болмақ. Ер азаматтар зейнет жасына жетпей-ақ, яғни 55 жастан зейнетке шығуына мүмкіндік бар. Ал әйелдер 52 жастан шыға алады. Ол үшін сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитетін рәсімдеуі керек.

«Оның бір жақсы жағы – сіз ерте жастан зейнетке шыға аласыз. Қосымша керек соманы бірден алып ала аласыз және сақтандыру компаниясымен келісімге отырсаңыз, онда сіз ақшаны өмір бойы аласыз», – дейді UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық.

Мамандар сақтандыру компанияларына зейнетақыны толық сеніп тапсыруға әбден болады дейді. Сондай-ақ азаматтарға зейнетке жетсе де қалауы бойынша жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беру қарастырылған. Жалпы, бұл реформаларды 2030 жылға дейін жүзеге асыру көзделіп отыр.

Назкен Еркін, Қайрат Советбекұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы