Латын қарпі: әзербайжандық ғалымдар өз тәжірибесімен бөлісті

05.02.2019 22:38

Латын графикасында таңбаланған жаңа әліпбиді тез меңгеру Қазақстан жастарының өз қолында. Қазақ журналистерімен кездескен Әзербайжан ғалымдары осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әзербайжандық ғалымдардың айтуынша бүгінде Әзербайжан халқының 98 пайызы латын қарпінде оқып, жаза алады. Өйткені, олар «Латын графикасы негізіндегі әзербайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы» өзгерісті 1991 жылы Тәуелсіздік ала салысымен қабылдаған.

Қазір әлем халықтарының үштен бірі латын қарпін қолданады. Жаңа әліпбиді жастар жылдам меңгереді. Бұл өз кезегінде қазақтың мәдени-тарихи  құндылықтарын өзге елдердің танып білуіне де мүмкіндік береді деді  шетелдік ғалымдар.

«Сіздердің Президенттеріңіз латын қарпіне көшу туралы өте дұрыс шешім қабылдады. Бұл Қазақстанның түркі елдерімен ғана емес, әлеммен еркін  араласуына, ақпаратқа қол жеткізуге мол мүмкіндік береді. Әзербайжан латын қарпіндегі әліпбиге тоқсаныншы жылдары көшті. Сондықтан өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», – деді филология ғылымдарының докторы (Әзербайжан) Орхан ХАСАНОҒҰЛУ.