«Алтын орда» базарында 1,6 млрд теңге көлемінде заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Осылай деген сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков базардың ауданы 28 гектарды құрағандықтан, оны тексеруге 71 адам қатысты. Сөзінше, әрбір базарда электронды табло орнатылған. Сол жерде бос сауда орындары, қоймалар туралы ақпарат, сондай-ақ тауар бағасы көрсетіледі.
«Жалпы 1 млрд 600 миллионға кемшілік табылды. Оның 1 миллиард 100 миллионнан астамын төлеп қойды. Ветеринария саласында заңбұзушылық көп. Біраз заңдастырылмаған обьектілер табылды», – деді Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігі жақын арада қырыққабаттың бағасы түсетінін айтты. Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепованың айтуынша, қазір Түркістан облысында ерте шығатын қырыққабатты жинау жұмысына дайындық басталды. Осы өнім нарыққа түскеннен кейін баға төмендеуі керек.
«Шамамен 170 мың тонна қырыққабат жиналады деген жоспар бар. Мұның барлығы өзімізге де, экспортқа шығаруға да жеткілікті. Әкімдіктер фермерлермен ерте пісетін қырыққабаттың 3,5 тоннасын жеткізуге байланысты келісімшарт жасады. Иә, бағаның өскені байқалады. Бірақ осы аптаның ішінде жаңа өнім нарыққа түскеннен кейін қырыққабаттың бағасына қатысты жағдай тұрақталады», – деді Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова.