Депозиттерге кепілдік беру қоры соңғы тиынға дейін қайтарылатынын еске салып отыр
«Астана Банк» салымшыларына екі айда 37 миллиард теңге қайтарылды. Бұл таратылған 3 банк бойынша ең үлкен көлемдегі өтелген қаржы. Qazaq Bank-іне қаражат салған азаматтар 20 миллиард теңгесін қайтып алса, «Эксимбанк» салымшылары 258 миллион теңгесін қайтарған. Ал есебінде 5 мың теңгеден аз қаржы сақтағандар оны қолдарына алуға асықпайды екен. Депозиттерге кепілдік беру қоры соңғы тиынға дейін қайтарылатынын еске салып отыр. Лицензиясынан айырылған банк салымшылары агент банкке қай уақытқа дейін жүгіне алады? Оны бізге «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ Әдістеме және талдау басқармасының басшысы Майра ӘБДІРАМАНОВА айтып бермек.
– Майра Бейсенқызы, егер салымшылар белгіленген уақытқа дейін қаржысын қайтарып алмаса, кейін қалай ала алады?
– Таратылған 3 банк бойынша салымшылар өтемақыны 6 ай мерзім ішінде ала алады. Егер осы уақыт ішінде өтініш білдіруге қандай да бір себептермен үлгермеген болса, онда өтінішті тікелей қорға білдіру арқылы өтемақысын ала алады. Qazaq Banki салымшыларына өтемақы төлеу өткен жылдың 24 желтоқсанынан басталды және ол 24 маусымға дейін жалғасады. «Астана Банк» салымшыларына өтемақы төлеу 26 қаңтардан 26 шілдеге дейін жалғасады. Ал Эксимбанктің салымшыларына ақшасын қайтару 4 ақпанда басталып, 4 тамызға дейін жалғасатын болады.
– Еске сала кетсеңіз, салымшылар өтемақыны алу үшін не істеуі керек? Қандай құжаттар болуы қажет?
– Салымшылар өтемақы алу үшін тікелей банкке барып өтініш білдіруі керек. Qazaq Bank-iнің агент банкі – «ВТБ» банкі. Ал «Астана Банкінің» өтемақысын төлеуді Eurasian Bank жүргізеді. «Эксимбанк» салымшылары «Қазпоштаға» өтініш білдіре алады. Өтініш білдіру үшін тікелей салымшы өзі барып, өтінішті жазбаша түрде жазуы қажет және де өзімен бірге жеке куәлігі болуы қажет. Сонымен бірге, өтемақыны егер салымшының сенімді тұлғасы немесе мұрагері алатын болса, онда оған қосымша құжаттар керек. Сенімді тұлға үшін нотариалды куәландырылған сенімхаты болуы қажет. Ал мұрагері алуы үшін оның мұраға құқығын растайтын құжаттары болуы қажет.
– Жауабыңызға көп рақмет!
Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы