Ал қызметін пайдаланып, қомақты пара алған Бекішевтің өзі 4 жылға сотталып кетті
5 жарым миллион теңге пара беріп, басы дауға қалған депутат жазасын жүздеген миллионмен өтейтін болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы облысының Мәслихат депутаты, кәсіпкер Борис Артемов осындай жаза арқалады. Ол өзінің ұлымен бірге облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы Сексембай Бекішевке Талғар су торабын күрделі жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қойғаны үшін 5,5 миллион теңге пара берген. Алайда бұл әрекеті көп ұзамай әшкере болды.
Басқарма басшысын жарылқамақ болған әкесі мен ұлы да, сот үкімі бойынша мемлекет пайдасына 55 миллион теңгеден төлеуге міндеттелді. Егер айыппұл төленбеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Ал қызметін пайдаланып, қомақты пара алған Бекішевтің өзі 4 жылға сотталып кетті. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызмет істей алмайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл үштіктің қылмысын былтыр қазан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әшкерелеген.