Биыл отандық бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Николай Хлудовтың туғанына 170 жыл толды. Осыған орай Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде суретші туындыларының «Азия аспан астында» атты көрмесі ұйымдастырылды. Экспозицияда портреттер, тұрмыстық картиналар, сондай-ақ шебердің әр жылдары салған 50 кескіндемелік жұмысы қойылды. Қазақ бейнелеу өнерінің дамуына айтулы үлес қосқан суретшінің туындыларымен Almaty.tv тілшісі таныстырады.
Көркемсурет шебері Николай Хлудов 1850 жылы Ресейдің Орел губерниясында туған. Қазақстанға сызбашы болып 27 жасында келген ол Іле Алатауы өлкесінің ғажап табиғатына тамсанып, осында қалып қояды. Үнемі ел аралаған суретші, көпшілікке өзінің ғажап этюдтерімен, тұрмыстық картиналар салудағы шынайылығымен танымал.
«Ол Қазақстандағы кәсіби бейнелеу өнерінің негізін қалаушы ретінде 1920 жылы Верный қаласында, алғаш көркем студиялардың бірін ашты. Алматының сол кездегі атауы Верный еді. Сол кездері Хлудовтың студиясына кейіннен танымал болған талантты тұлғалар Әбілхан Қастеев, Анна Мартова, Бортниковтар баратын», – деді Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі бөлімінің аға ғылыми қызметкері Әмір Жадайбаев.
Николай Хлудов Орталық Азияға зерттеу эскпедициясына шыққан кездерінде географ, биолог мамандармен жиі саяхаттайтын. Көрнекті кескіндемеші дәстүрлі қазақ ауылдарындағы барлық ірілі-ұсақты көріністерді өз жұмыстарында этнографиялық дәлдікпен, тарихи дәйектілігімен жеткізе білген. Суретшінің өзі: «Мен туындыларыма ештеңе қосқан да жоқпын, олардан ештеңе алған да жоқпын, нобайымды шынайы табиғатқа қарап салдым» деп жазатын.
Николай Хлудовтың шығармалары Мәскеу, Санкт-Петербург, Бішкек, Алматы музейлері мен жеке коллекцияларда сақтаулы. Оның көркем мұрасының едәуір бөлігі - 211 кескіндемелік туындысы Алматыдағы Қазақстанның Орталық Мемлекеттік музейінің қорында сақтаулы.
Сая Меңдеке, Аянрафи Нарикбаева, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы