Нұр-Сұлтанда күйеуінен «таяқ жеген» 139 келіншек ауруханаға түскен

Нұр-Сұлтанда күйеуінен «таяқ жеген» 139 келіншек ауруханаға түскен
Соңғы 1,5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 3 әйел қайтыс болыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтан қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық өршіп тұр. Тек жыл басынан бері жұбайынан таяқ жеген 139 келіншек ауруханаға түскен. Тіпті соңы адам өлімімен аяқталған қайғылы жағдайлар да бар. Нақты айтқанда, 1,5 жылдың ішінде үш әйел өмірімен қош айтысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күйеуінен 9 жыл бойы қорлық көріп келген 30 жастағы әйел камераға түрін көрсетуден бас тартты. Десе де, ол осыншама уақыт күйеуінің жұдырығына неліктен шыдап келгенін айтып берді.

«Сау күйінде де, мас күйінде де ұрып-соғады. Болмашы ұсақ-түйек үшін, тіпті жөргектегі баламыз жыласа да жұдырығын ала жөнеледі. Шыдап келдім. Себебі барар жерім, басар тауым жоқ, тұл жетім өстім. Жуырда ғана дағдарыс орталығы жайлы естідім де, үйден қашып кеттім. Бір аптадан соң мені алып кетті. «Енді қол көтермеймін» деп уәде берген. Алайда, үйге барысымен тепкінің астына алып, мұрнымды сындырды. Енді ота жасау қажет. Орталыққа келіп, тыныш өмір сүріп жатырмын. Операция жасауға порталға қойды», - дейді келіншек.

«Үміт» дағдарыс орталығына жыл сайын күйеуінен қорлық көрген 300-ге жуық келіншек жүгінеді. Ал, биыл жыл басынан бері де келген келіншектердің өзі жүзге жуықтап қалыпты. Орталық заңгері Зарина Әбіқаева мекемеге келушілер төрт талап бойынша қабылданады дейді.  

«Бірінші – күйеуі күш көрсетіп, ұрып-соққан келіншектер, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендер. Екінші – күйеуі ұрмаса да, «ақылсызсың», «қолыңнан ештеңе келмейді», «сенімен елге шығуға ұялам», «жиіркенем» деп моральдық тұрғыда қысым көрсеткен әйелдер. Содан соң, экономикалық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар. Бізге тіпті, өзі мен балаларының далаға шығатын сырт киімдері жоқ әйелдер келді. Күйеулері тіпті тамаққа да ақша бермейді екен. Сондай-ақ, сексуалдық зорлыққа ұшырағандар да аз емес. Бүгінде өгей әкесі зорлаған қыздар көбейді, олар да бізден пана табады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы «Үміт» дағдарыс орталығының заңгері Зарина ӘБІҚАЕВА.

Осыған сәйкес, орталыққа келушілерге сегіз бағыт бойынша көмек көрсетіледі. Әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік-педагогикалық қолдауға ие болған қыз-келіншектер біраз уақыттан кейін еңсе көтеріп шығады. Бірақ, бір өкініштісі, ешбір жерде ер азаматтармен отбасы психологиясына қатысты жұмыс жүргізілмейді. Сол себепті отбасына оралмақ болған кей әйелдер қайтадан зорлық-зомбылыққа тап болады екен. Қысқасы, орталықтан шыққан 10 әйелдің екеуі мұнда қайтып келеді.

«Отбасында не үшін зорлық-зомбылық болады? Біріншіден, отағасының алкогольдік ішімдікке тәуелділігі, нашақорлығы, құмар ойынға әуестігі, содан соң жұмыссыздық пен тұрмыс жағдайының төмендігінің кесірінен үйде ұрыс-керіс жиі болып, тіпті қол көтеру жағдайлары да әдетке айнала бастайды. Біздің орталығымызға көп әйелдер осы себептен келеді. Ал, қандай әйелдер зорлық-зомбылыққа ұшырайды дегенге келсек, мектепті бітірген соң жоғары білім ала алмағандар, өз құқықтарын білмейтін немесе жұмыс істеуге қабілетсіз әйелдер көбірек зәбір көреді. Олар өздері табыс таба алмайтындықтан күйеулеріне тәуелді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы «Үміт» дағдарыс орталығының психологы Жазира СҰЛТАНБЕКОВА.

Сот мамандары да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа басты себеп – ішімдікке тәуелділік деп отыр. Бұдан бөлек, ата-аналардың ортаға түсуі мен ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірге дайын болмауы да осындай келеңсіздікке алып келеді екен. Атап өту керек, биылдың өзінде елордалық соттарға күйеуінен зәбір көрген 139 келіншектен шағым түскен. Бұған қоса, қалалық сот 1,5 жылдың ішінде үш әйел отбасылық кикілжің салдарынан өмірімен қош айтысқанын айтады.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебін анықтаған судья келешекте оның алдын алу шараларын жүргізеді. Ерекше талаптарды белгілейді. Мәселен, зардап шегушіге жақындауға, кездесуге, телефонмен сөйлесуге тыйым салады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Айгүл ҚАЙДАРОВА.

Елорданың бір ғана Алматы ауданының өзінде былтыр ажырасқан 200 отбасының тең жартысына осы тұрмыстық зорлық-зомбылық себеп болған. Осындай ахуалға қарап, сот мамандары бүгінде отбасылық құндылықтардың жойылып бара жатқанын, ерлі-зайыптылардың өз міндеттерін түсінбейтінін алға тартады. Сондықтан, алдағы уақытта отбасылық дағдарыс орталықтарын көбейту керек дейді мамандар.

Новости партнеров