Ғасыр жасаған кейуана

Almaty.tv
Almaty.tv
Қанаш Жарылғасова – эпидемиолог қызметін атқарған зейнеттегі ардагер
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтау қаласында 101 жастағы кейуана тұрады. Көктемнің шуақты мерекесінде ғасырдан асқан ананы бала-шағасы түгел құттықтап келді. Ананың батасын алып, алғысқа бөлену – отбасының ұзақ жылғы айнымас қағидасы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қанаш Жарылғасова – эпидемиолог қызметін атқарған зейнеттегі ардагер. Соғыс жылдары талмай еңбек етіп, 9 бала тәрбиелеген аяулы ана. Қазір олардан тараған 155 немере, шөбересі бар. Кейуана 1922 жылы Ұштаған ауылында өмірге келген. Зейнетке дейін шағын ауылда санитарлық-бақылау бөлімшесінде жұмыс істеген. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Ыстыбай Жарылғасұлы есімді жауынгерге тұрмысқа шығып, 6 ұл бен 3 қыз тәрбиелеп өсірген.    

«Менің жасымды берсін. Еліміз аман, жұрт тыныш болсын. Балаларымыз аман жүрсін. Мүдірмесін, бәрінің де ойлағаны орындалсын», – деді кейуана Қанаш Жарылғасова.

Ғасырдан асса да кейуананың қимылы ширақ, сөзі нық. Қазақтың дәстүрін берік ұстанады. Кенже ұлдың қолында баппен отырған жайы бар.

«Тамақ ішкенде бір стақан шұбат ішеді. Бірде құлап қалған еді, мен аяғы не қолы сынған шығар деп едім. Дәрігерлер «жоқ, бұл кісіде кальций өте көп екен» деп айтты. Сонымен жазылып кетті. Осы күнге дейін басы ауырғанда қан қысымын өлшейміз, қалыпты болады», – деді Қ. Жарылғасованың келіні Жамиға Тілегенова.

Айрандай ұйыған бұл отбасы қашанда жетім-жесірге қолғабыс етіп келеді. Қайырымдылығымен танылған жанұяның берекесі де, дәулеті де үзілмеуі кейуана дарытқан тәрбиеде деп мойындайды ұрпақтары. Қанаш әжей отырған қара шаңырақтан мейман үзілмейді. «Қонақ келсе, құт келеді» деген ұстаным – келіндеріне де үлгі.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтаудан

Новости партнеров