Білім министрі электронды және қағаз оқулықтың қатар жүретінін мәлімдеді
Оқушы оқулықты парақтап оқығаны жөн. Бірақ, сандық технолоияны жатсынбайтын білімпаздар үшін электронды форматта білім алуын жалғастыра береді. Бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте еліміздің білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те, балаларына оқулықтың қағаз нұсқасын беретінін, ал электронды түрде оқығысы келетіндер үшін мүмкіндік жасалатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жеке өз басым балама оқулықтың қағаз нұсқасын беремін. Бәлкім, тым дәстүрлі шығармын, алайда, шынын айтсам, өзім тек қағаз нұсқаларды оқимын. Ұялы телефон, планшеттен оқу қолайсыз. Десе де, егер сабақты электронды құрылғылардан оқытқысы келетіндер болса, Білім және ғылым министрлігі осындай мүмкіндікті ұсынып отыр», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Бұдан бөлек Білім және ғылым министрлігінің басшысы балаларды мектепке 6 жастан бастап беру мәселесіне тоқталды. Айта кетейік, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Білім беру туралы» Қазақстан Республикасы заңына өзгертулер енгізілген болатын. Ол бойынша 6 жасқа толғандар бірінші сыныпқа баруы міндеттеледі делінген.
«Алты жастағы балаларға келсек, заңда бұл ереже бар. Сондықтан мен министр, мемлекеттік қызметші ретінде аталған қағиданы орындамаңыздар деп айта алмаймын. Баласын 6 жастан бере ме, жоқ па, бұл – ең алдымен ата-ананың құқығы. Ол үшін ешкімге айыппұл төлетпейміз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.