Мергідер компанияның кесірінен Өжет тұрғындары ауыз сусыз отыр

01.10.2020 22:30

4 жыл бұрын басталған жұмыс толық аяқталмаған

Almaty.tv

Артық қыламын деп, тыртық қылған мердігер. Алматы қаласы Өжет шағын ықшам ауданының тұрғындары ауыз су мен кәріз жүйесінің жоқтығын айтып, шағымдануда. Осыдан тура 4 жыл бұрын бұл олқылықты түзейміз деген жауаптылар қазба жұмыстарын бастап, толық бітірмепті. Нәтижеде, жол да құрыған. Шаруаның аяқсыз қалуына не себеп? Жергілікті халықтың базынасын тыңдап қайтқан Almaty.tv тілшісі толығырақ тарқатсын.

Алатау ауданындағы Өжетте бірнеше көше бар. Тұрғындардың айтуынша, суға жарымай келе жатқандарына 4 жылдың жүзі болыпты. Елді мекен шаһар аумағында болғандықтан,  оны қаладағы орталық су жүйесіне қосу жоспарланған. Соның аясында жолдар қазылып, жұмыстар басталып кеткен еді. Бірақ жауапсыз мердігер, құрылысты аяқтамай, ақыр соңында Өжет халқы судан да, жолдарынан да жұрдай болып отыр.

Суды бірден 20 отбасы 800 мың теңге шығарып, тартқан болатынбыз. Оны қазір күшінен қалдырып, әкімдіктің суын жалғамақшы. Оны қойып қойғанына, міне, 4 жыл болды. Әлі су келген жоқ. Біздің өз суымызбен тұр. Енді осы проблемалар қашан шешіледі?

Құдық қазып, тұзды су ішіп отырмыз, шыны керек, ауыз судан. Жердің түбінен шыққан тұзды судан ішіп отырмыз. Қоқыс жан-жақтың бәрі. Егеуқұйрықтар деген толып жатыр. Келген адамдар кіріп, қайтадан шыға алмайды.

Ал, жаңбырлы маусымда мұндағы халық лай мен батпақ кешуге мәжбүр. Айтуынша, жөндеу басталмас бұрын, әр үйдің жекеменшік кәріз жүйесі болыпты. Бірақ жағдайды жақсартып, құбырларды орталықтандырамыз деп сендірген мердігер, нәтижесінде көшенің сиқын бұзыған.

Оқиға орнынан:

– Кәріз құбырын жүргіземін деп, техник шақырып едім, сенің құдығың мына жерде деп маған көрсетті. Сол жерді трактор жалдап қазсам, ол жерде менің құдығым жоқ, бірақ жоспарда бар. Сондықтан мен қазір мынау айтқан құбырды да қосып та ала алмай отырмын

Ол аздай балаларға ауадай қажет интернеттің жоқтығы  сабақ оқуды тіпті қиындатып жіберді. Біздің арна тілшілерімен халықтың базынасын тыңдаған Алатау әкімдігінің өкілі сәл шыдаса, тақтайдай жолдар, басқа да заманауи инфрақұрылым болады деп сендірді.

«Ауыз сумен кәріз жүйесін толықтай аяқтау ағымдағы жылдың қараша айының 30-на жоспарланған. Бірақ мердігер мекеменің өкілдері қазан айының ішінде салынған құбырларға толықтай суды береміз деп жоспарлап отыр. Биылға жылға Өжет ықшам ауданында 24 шақырым орташа жол жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 11 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды», – деді  Алатау ауданы әкімдігі коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Есіров.

Осылайша Өжет ықшам ауданында ұзындығы 5 жарым шақырымға жететін бірнеше көшенің құрылысына құжаттар дайындалуда дейді әкімдік өкілі. Ал, 2021 жылдың соңына дейін бұл аймақтағы жолды жөндеу жұмыстары толық аяқталып, ауыз су мен кәріз құбырлары халықтың игілігіне пайдалануға берілмек.  

Бұл мәселе қала әкімі қатысқан Akimat Live бағдарламасында да көтерілді. Өжет ықшамауданының тұрғыны тікелей эфирге хабарласып, дәл осы көшенің қашан жөнделетін сұрады. Бақытжан Сағынтаев тікелей эфирде Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбаевтың осы мәселеге қатысты жауап беруін талап етті.

«Жапсарбаев көшесінде мүлдем жол болмағандықтан,  Мобильдік басқармасымен жаңа жобалау сметалық құжаттама дайындалды. Конкурс жарияланып, 2020 жылдың соңы мен 2021 жылға қарай жаңа жол салынады», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбаев.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл мәселені жауаптыларға бақылауда ұстауды тапсырды.

Аяулым Көлжігіт, Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы