Каспий теңізінің Ақтау маңындағы жағалауы айтарлықтай тартылып барады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Былай жалғаса берсе, теңіздің экожүйесі бұзылуы мүмкін. Мұндай құбылыс осыдан 47 жыл бұрын болыпты, ол кезде де теңіз қатты таязданған. Судың деңгейі тіпті 29 метрге дейін төмендеген көрінеді.
Каспийдің Қазақстанға қарасты жағалауы 2300 шақырымды болса, оның 1400-і Маңғыстау өңіріне тиісілі. Көк айдынды небір қайталанбас видеоларға түсіріп, көрікті табиғатты әлеуметтік желіде көрсетіп жүрген блогер Нұркен Тәжібай Каспий теңізінің жағалауындағы апатты ахуалға алаңдайды.
«Соңғы 3 жылда Каспийді әр қырынан түсіріп келемін. Сартас, Кендірлі, Темір баба тұсынан түсірдім. Осы жерді көргенде көңілім құлазып қалды. Былтыр бұл аумақта қайықтар жүзіп жүрді. Ғаламтордан видео көргенде, теңіз батыс беттен бастап тартылып, жойылады деп еді. Олай болғанын қаламаймын», – деді блогер Нұркен Тәжібай.
Теңіздің тартылуы халық арасында алаңдаушылық туғызды. Азаматтар тез арада шара қолданғанымыз дұрыс дейді.
Жерді қашықтан зерттеу деректері 15 жылда Каспий теңізінің қазақстандық секторының акваториясы 7 пайызға қысқарғанын көрсетеді. Бұл экожүйеге де, кеме қатынасына да қауіпті. Оған себеп: Каспийге құятын судың азаюы, жауын-шашынның сиреуі. Сәйкесінше, су тұтыну да күрт өскен. Мәселені шешудің әзірге екі жолы бар. Бірі – Каспий мен Азов теңізін қосатын Еуразия каналын салу. Екіншісі – бұған дейін Иран президенті ұсынған теңіздің оңтүстігінен Парсы шығанағына дейін канал қазу.
«Қазақстан – Түрікменстан сияқты 5 мемлекет үшін бірден Атлант мұхитына шығады, былай Үнді мұхитына шығып кете алады. Теріскейге Волға өзені арқылы Ақ теңізге, Мурманскіге шығып кете алады. Шығынды жоба. Қалай болғанда да, осы жоба жүзеге аспайынша, Каспий теңізін қалпына келтіру мүмкін емес», – деді эколог Орынбасар Тоқжанов.
Мәселені реттеу үшін жуырда министрлік жанынан Каспийді зерттеу институты құрылмақ. Ол су деңгейінің мониторингі және экожүйесін зерттеумен айналысатын болады. Айрықша айтып өту қажет, Каспий – бес елді шектестіретін алып су қоймасы. Сондықтан түйткілді шешуге конвенцияға қол қойған елдер біріге кіріспек.
«Бес мемлекет бірлесіп, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізеді. Соның аясында Каспий теңізі не себепті төмендеп жатқаны анықталады. Каспий теңізіне жылда келетін су көлемі - 300 млрд текше метр», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент басшысы Мүсілім Жиенбаев.
Ғалымдардың айтуынша, соңғы 150 жылда теңіз деңгейі 5 рет түсіп, көтерілген екен. Бұл жолғысы – ең төменгі деңгейде. Қазір қарт Каспий 4 метрге дейін таязданыпты.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Президент қабылдауында болған Асхат Жұмағали есеп берді