Өрт қауіпсіздігіне жауаптылар парақорлықпен айналысып келеді – Сағынтаев ТЖ қызметін сынады

Өрт қауіпсіздігіне жауаптылар парақорлықпен айналысып келеді – Сағынтаев ТЖ қызметін сынады
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы өрттен көз жұмған бес баланың ата-анасына көңіл айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақорда таратқан ақпаратта Президент Үкімет пен қала әкімдігіне жан-жақты көмек беруін тапсырған. Сұмдық оқиға қайталанбас үшін аймақтарда да өртке қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтілсін деленген көңіл айту хатында. Бүгін Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев Төтенше жағдайлар қызметін сынның астына алды. Ведомство үй-үйді тексеріске барғанда, көзге көрінетін қауіпті жасыру үшін тұрғындардан қаржы талап етеді деді премьер-министр. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бұл отырысқа келген жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астанадағы бес баланың өмірін жалмаған өртке қатысты Үкімет отырысында бір минуттық үнсіздік жарияланбаса да, жиынның әлқиссасы осыдан басталды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өртке қауіпсіздігіне жауаптылар парақорлықпен айналысып келеді деп төтесінен айтты.  

«Әлеуметтік желілерде айтылып жатыр. Әкімдер, Қалмұханбет Нұрмаханбетұлы, тексерушілер жеке үйге келген кезде өрт қауіпсіздігіне қаншалықты дайын екенін сұраудың орнына, тұрғындарға: «Ештеңені тексермей-ақ қояйын, ақша берсеңіз кете берейін» дейді екен. Мәселенің бәрі содан басталып отыр. Осыған баса көңіл аударыңыздар. Қатаң талап болуы керек. Сонда ғана кешегідей болған қайғылы жағдайға біз жол бермейміз», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Ал Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов атқарылған жұмыстар жайын тізбектей келе, бес қыздың өліміне тоқталды. Қайғылы оқиға пеш жағудағы қауіпсіздік шарасының сақталмағанынан туындаған. Оның үстіне, балалар қараусыз қалған деді Қасымов.

«Осы оқиға бойынша іс қозғаймыз. Сараптама жұмыстарын жүргізуіміз керек. Өрт пештен шықты ма, соны анықтаймыз. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатыр», – деді ҚР Ішкі істер мининстрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Ал қалың елді толғандырған жағдайға тікелей жауапты маман Мәдина Әбілқасымова министрлер отырысына келген жоқ. Ол өзінің орынбасары Светлана Жақыпованы жіберіпті. Елдің сынынан арылмаған ведомство басшысының қайда екені және көпбалалы ана нан табу үшін неге түнделетіп жұмыс істеуге мәжбүр болғаны туралы сауалдарға Жақыпова жарытып жауап берген жоқ.  

«Ол кісі кешеден бері емес, арғы жұмадан, арғы аптадан бері ауырып жүр. Балалардың ата-анасының үйіне кеше бардық. Министрдің өзі де барды... Ата-ананың түнделетіп жұмыс істеуі – олардың өз таңдауы», – деді ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана ЖАҚЫПОВА.

Вице-министр қайғы жұтқан отбасына екі рет төтенше жағдай мамандары келгенін, оларды тексергенін тілге тиек етті. Әке мен шеше бәрін білсе де, ешкімге ештеңе айтпаған деді. Жақыпованың айтуынша, олар тек кіші қызына көпбалалы отбасы ретінде ғана мемлекеттік жәрдемақы алып келген. Ал еңбек заңы бойынша түнгі жұмысқа шықпауына болар еді дейді. Шенеунік көпбалалы отбасы туралы ақпарат жергілікті биліктерге берілгенін еске салды.

Айта кетейік, жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Астанада жер үй өртеніп, бес бірдей қыз бала тірідей жанып кетті.  Қазір тілсіз жаудың нақты себебі әлі зерттеліп жатыр екен.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров