Саясаттанушылар 2021 жылдың еліміз үшін табысты болғанын айтады
2021 жылы елімізде айтулы жаңалықтар мен саяси реформалар көп болды. Халыққа зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілді. Ауыл әкімдері сайланды. Жер шетелдіктерге сатылмайды деп Заңмен шегеленді. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайларды да өткердік, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылдың басты жаңалығы – Президенттің тапсырмасымен елімізде зейнетақының бір бөлігін алуға рұқсат етілді. Азаматтарға тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емге жылдар бойы жинаған қаражатын қолдануға мүмкіндік берілді. Атап айтсақ, жарты миллионнан астам адам артық қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттаған.
«2021 жыл жақсы жаңалықпен басталды. Зейнетақы жинағындағы артылған қаражатты алу үшін арнайы портал құрылды және қазақстандықтар онлайн қызметті пайдаланды. Жалпы сомасы 1 трлн 919 млрд теңге қордан алынды. Ал жақында «Отбасы банкіндегі» депозитке аударуға мүмкіндік берілді. Бұл әсіресе баспанаға қаражат жинап жатқан жас отбасыларға үлкен қолдау болды деуге болады», – деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова.
Ұзақ уақыттан бері халықты алаңдатқан маңызды мәселеге де нүкте қойылды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерді сатуға және жалға беруге Заңмен шектеу қоюды тапсырды.
«Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (25.02.2021 ж.).
Осылайша, жер реформасы жөніндегі комиссия жан-жақты сараптап, зерттеп жоба әзірленді. Көп ұзамай Президент құжатқа қол қойды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 1,5млн-ға жуық жер жекеменшікте, олардың барлығы мораторий енгізілгенге дейін алынған. Басым бөлігі оңтүстік облыстарда берілген.
«Қазіргі таңда шетелдіктер біздің ауылшаруашылық жерді ешқандай түрде пайдалана алмайды... Тағы бір айта кететін мәселе, ол жайылымға байланысты мәселелер. Өздеріңіз білесіздер, ауылдардың маңында бұл күрделі мәселе. Сол мәселені шешу үшін, біріншіден, әкімшіліктерге маңайдағы жерлерді жайылымға қайтаруға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, оларға шектеу қойылды. Яғни, елдімекен маңындағы жерлерді тек қана қоғамдық жайылымдарға беруге мүмкіндік бар», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Оспанов.
Биыл Парламент Мәжілісінің депутаттары мен ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Төменгі палатаның құрамы 70 пайызға жаңарды. Алматы қаласынан праймериз арқылы депутат атанған Жұлдыз Сүлейменова өзге әріптестеріне қарағанда белсенді жұмыс істеді десек артық айқанымыз болмас. Жаңа депутат бірнеше заң жобаларын талқылау барысында өз пікірін білдіруден тайынған емес.
«Маған жақын екі заңды атап өткім келеді. Бұл – инклюзивті білім беру мәселелері бойынша кейбір Заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Заң. Өздеріңіз білесіздер, біз инклюзивті білім арқылы, инклюзивті қоғам құрғымыз келеді. Сондықтан да оны білім беру мекемелерінен бастамақшымыз... Екінші мәселе – Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс жасау бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі болды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Ал ауыл әкімдерін сайлау туралы айтар болсақ, елімізде 836 ауыл әкімін сайлау жоспарланды. Жалпы, 4 жыл ішінде 2 300-ден астам әкім халықтың таңдауы арқылы елдімекенді басқаруға тағайындалады.
«Алдында Сайлау туралы Заңға Президенттің бастамасымен біраз өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Соған байланысты 800-дің үстінде ауыл әкімдері сайланды. Бұл процесс жалғасады... Бұл – еститін мемлекет қағидасына толық жауап беретін талап. Халықтың мұңын, жоғын жоқтап, соны іске асыратын жергілікті атқарушы билік өкілі ретінде ауыл әкімінің тікелей жауапкершілігі артады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Сайлау өтті. 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылды. Соның 2297-і тіркеуден өтті. Өзін-өзі ұсынушылар мен саяси партиялар тарапынан үміткерлер көп болды. Гендерлік теңдік те сақталған. Сайлаудың нәтижесінде ауыл әкімдерінің корпусы 50%-дан астам жаңарды. Сонымен қатар, ұлттық халық санағы да өтті. Нәтижесінде елімізде 19 млн 169 мыңнан астам азамат тұрып жатқаны белгілі болды. Бұл – тәуелсіздік алғалы бергі 3-ші халық санағы.
«Бұл санақтың ерекшелігі, мұнда толығымен қағаз бланктерден бас тарттық. Яғни, толығымен электронды форматта өткізілді... 2 ай бойы азаматтарда онлайн санақ өту және интервьюерлердің сауалына жауап беру мүмкіндігі болды. Интервьюерлер тек планшет қолданды», – деді «Ұлттық халық санағы-2021» ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы.
Тарих қойнауына енейін деп тұрған жыл қайғылы оқиғалармен де есте қалады. Мәселен, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Төтенше жағдайда 17 адам қаза тапты. Олардың ішінде 10 азаматтық қорғау органдарының қызметкері, 6 қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі және бір әскери прокурор бар. Тағы бір адам – 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев хабар-ошарсыз кетті. Оны әлі күнге дейін тапқан жоқ.
«Іздеу шаралары жалғасып жатыр. Ұзаққа созылып кетті. Оған үлкен ресурстар жұмылдырылған. Енді қазір ауа райы іздеу шараларына кедергі келтіреді. Аумақ өте үлкен. Қазір тергеу жүріп жатыр. Нәтижесі аяқталған соң белгілі болады», – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов.
Бұдан бөлек, 7 қарашада Қарағанды облысындағы Абай шахтасында метан газы жарылды. Жердің астында болған 64 кеншінің алтауы қаза тапты, тағы екі кенші ауруханаға түсті. Осы апаттан кейін арнайы комиссия құрылды. Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы, саясаттанушылар биылғы жылдың Қазақстан үшін табысты болғанын айтады. Себебі короновирус пандемиясынан кейін әлсіреп қалған экономиканы көтеру үшін көп күш жұмсалды. Саяси реформалар жүзеге асты. Жобалар мен бағдарламалар қабылданды. Бастысы, қазақ елі үшін 2021 жыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен ерекшеленді. Ендеше қастерлі тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын! Табалдырықты аттағалы тұрған жыл да еліміз үшін толайым табыстарға толы болсын!
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан