Елбасы Үкімет пен ірі компанияларға жастардың стартаптарын қолдау қорын құруды жүктеді

23.01.2019 22:42

«Тәуелсіздіктің ұрпақтары». Астанада дәл осындай атаумен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті

«Тәуелсіздіктің ұрпақтары». Астанада дәл осындай атаумен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. «Экспо-2017» көрмесінің аумағындағы «Нұр әлемі» павильонында өткен шараны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған бірқатар тапсырма жүктеді. Жиынға жас ғалымдар, шығармашыл жастар, спортшылар, дарынды балалар, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас сарбаздар, «Болашақ» бағдарламасының түлектері қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі шынымен де, өзге отырыстардан айрықша болды. Бұған бүгінгі әңгіменің галстуксыз, еркін пішінде өтуі дәлел. Оның үстіне, жастығына қарамастан, түрлі салада белгілі бір жетістіктерге жетіп, белестерді бағындырған, жалындаған жастар қатысып, өз ойларын еркін жеткізіп, тың идеяларымен бөлісті. Мәселен, алматылық вундеркинд Абзал Мырзаш мектеп бағдарламасын 7 жылда меңгеріп үлгерген ол бүгінде Қазақ-Британ техникалық университетінің екінші курсында оқиды. Жас та болса дарынды жігіт Қазақстанның ғылымына өз үлесін қоспақ ойда. Мақсатына жету үшін көп еңбектенетін ол ІТ саласында екі жоба ойлап тапқан. Мысалы, компьютердің клавиатурасына ыңғайлап «Абзал алфавит» қазақ-латын әліпбиін жасап шығарыпты. Осы нұсқасына авторлық куәлік те алған.

«Екінші жобамда кириллицадан латын қарпіне аударатын конвертер программа жасадым. Қазір менің бұл конвертер бағдарламам арқылы кириллицадан латын графикасына қазақ қарпіне бір минутта 1200-ден астам кітап аударуға болады», – дейді ҚБТУ ІІ курс студенті Абзал МЫРЗАШ.

Небәрі 5 секундта бүркітті қолға қондырып, рекорд жаңартқан қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы да Мемлекет басшысының алдында сөз сөйледі. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып өскен бойжеткен қазір Қазақстанның арнайы шақыруымен «Нұр орда» халықаралық мектебінде білім алып жатыр. Жастайынан бүркіт баптаумен айналысып келген қазақ қызын америкалық режиссер деректі фильмге арқау етсе, австралиялық Сиа бейнебаянның негізгі желісіне айналдырған. Фильм экранға шыққан соң Айшолпан Гарвард және Оксфорд университеттеріне шақырту алыпты. Ал деректі фильм Оскар сыйлығының шорт парақшасына іліккен.

«Осы Астанада және басқа қалада қазақтың салт-дәстүрін оқытып үйрететін орталықтар, әсіресе, бүркітшілер мектебі ашылса деген арманым бар», – деді Айшолпан НҰРҒАЙЫПҚЫЗЫ.

Жастардың ойларын тыңдап шыққан Мемлекет басшысы Қазақстанның ең басты жетістігі – қазақстандықтардың жаңа буыны деп ерекше қадап айтты. Нұрсұлтан Назарбаев жастардың ажырасуына алаңдаушылық білдіріп, жұмыссыздық мәселесін де тілге тиек етті. Анықталғаны, елімізде 300 мың жас еңбек нарығына тартылмаған. Өз сөзінде Елбасы бүгінгі әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін жас кәсіпкерлер қалағанын алға тартты. Осылайша, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, мемлекет бюджетіне қыруар қаржы түсіргенін тілге тиек етті.

«Мысалы Фейсбукті Марк Цукерберг 19 жасында ойлап тапты. Майкрасофты Билл Гейтс 20 жасында, Aplle компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрды. Біз де 13 жасында ҚБТУ-дың 2 курсын оқып жатқан баланы қазір ғана тыңдадық. Олардың барлығы аспаннан салбырап түскен жоқ. Талант деген де бар, оны жасыруға болмайды. Бірақ Эйнштейн айтқандай, таланттың 90 пайызы – еңбек!», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Президент талантты жастарды қолдауға шақырды. Үкіметке ірі бизнес компаниялары, олигархтармен бірлесіп, жастардың стартаптарын қолдау қорын құруды жүктеді. Бұл ретте дамыған елдердің тәжірибесін пайдалануға болатынын жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеп, жас бизнесмендерге бөлінетін грант қаражатын екі есеге арттыруды да тапсырды.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана