Алматылық оқушылар «Ұлы дала сарбазынан» 3-орынмен оралды

24.06.2019 22:43

14 пен 18 жас аралығындағы жеткіншектер әскери қорғаныс жиынтығын кию, пневмоавтоматикалық винтовкадан ату, гранат лақтырудан жарысқан

Қарағанды облысында өткен «Айбын» әскери-спорттық ойынында Алматыдан барған оқушылар 3-орынды жеңіп алды. Жарыстан жүлделі оралған «Барыс» командасын жанкүйерлері темір жол вокзалынан салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Спасск қаласында өткен сайыста 14 пен 18 жас аралығындағы жас жеткіншектер жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию, пневмоавтоматикалық винтовкадан ату, гранат лақтыру, АК-74 автоматын шашу және жинау, алыс қашықтыққа жүгіру сынды сынақтардан сүрінбей өтті.     

 

«Қатысып жүргеніме 2 жыл болды. Жарысқа әр өңірдің тек мықтылары келеді. Былтырдан бері асық, бес тас, ләңгі  ойындары қосылды. Биыл былтырғыға қарағанда, тартыс қызықты өтті. Өйткені жарысқа ел Президенті келді», – дейді «АЙБЫН» әскери-спорттық ойынының қатысушысы Темірлан СҮЛЕЙМАНҚҰЛОВ.

Әскери-спорттық байқау биыл «Ұлы дала сарбазы» атауымен өтті. Ал, үйде тақымын қысып қалған ата-аналар балалардың тұлға болып қалыптасуында «Айбын» ойындарының алатын орны ерекше екенін атап өтті.